26 Наурыз 18:06
...

Дипломатиялық дау: АҚШ-тың вице-президенті Еуропаны тағы шулатты

АҚШ
Фото: Джей Ди Вэнс пен Дональд Трамп. Фото: Tom Brenner / Reuter

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс кеше «әйелімді жетелеп Гренландияға барамын» деп мәлімдеп, онсыз да жүйкесі тозып отырған Еуропа елдері басшыларының құлағына ши жүгірткендей болды.   

  • Гренландия – Солтүстік мұзды мұхит пен Атлант мұхитының ортасындағы үлкен арал. Үш ғасырға жуық уақыттан бері аралға 3000 шақырым қашықтан Дания бақылау жасайды. Гренландия ішкі мәселесін өздері шешкенімен, сыртқы саясаты мен қорғанысына қатысты шешімдер Копенгагенде қабылданады. 

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін «аралды АҚШ-тың құрамына қосып алуға ниетті екенін» бірнеше рет айтқан. Ал Гренландияның жергілікті билігі Джей Ди Вэнс пен оның әйелі Уша Вэнсті еш сағынып отырған жоқ. Керісінше, вице-президенттің «әйеліммен қолұстасып келемін» деген мәлімдемесін арандатушылыққа балайды.  

АҚШ
Ерлі-зайыпты Уша Вэнс пен Джей Ди Вэнс. Фото: ANNA MONEYMAKER / Getty AFP / East News

Ақ үй ерлі-зайыпты Вэнстердің Гренландияға баратынын растады, бірақ «олар тек аралдың солтүстігіндегі Питуффикте орналасқан АҚШ-тың әскери-ғарыштық базасына барады» деп жуып-шайғандай болды. Джей Ди Вэнстің өзі бұл дипломатиялық дауды қызық көріп жүргендей құдды. Х желісіне жүктеген видеода ол «әйелімнің Гренландияға баратыны үлкен ажиотаж тудырып жатыр екен, ал мен мұндай рақатты әйелім ғана көргенін қаламаймын» деп әзілдеген болды.

«Көптеген ел Гренландияға қауіп төндіріп отыр. Оның аймағын, су жолдарын пайдалана отырып АҚШ-қа, Канадаға, сосын әрине, Гренландияның өзіне қоқан-лоқы жасамақ», – деп мәлімдеді Джей Ди Вэнс.

АҚШ-тың вице-президенті тым әсірелеп жіберген сияқты. Дәл қазір Гренландияға қауіп басқадан емес, АҚШ-тың дәп өзінен төніп тұр. 

Гренландияның экс-премьері Муте Эгеде америкалық жоғары шенділердің бұл сапарын «арандату» деп бағалады. Sermitsiaq басылымына берген сұхбатында ол: «Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Гренландияда не жоғалтыпты?! Олардың бір ғана мақсаты бар, ол – бізге доқ көрсету», – депті.

Арал
Гренландия. Фото: ғаламтордан.

Жуырда өткен сайлауда жеңіске жеткен «Демокраатит» («Демократ») партиясының лидері, премьерліктен үміткер Йенс-Фредерик Нильсен де өз сұхбатында «америкалық шенділердің бұл әрекеті – Гренландия халқын қорлау» деп қатқыл мәлімдеме жасаған.

АҚШ басылымдарының жазуынша, Гренландияға АҚШ-тан екі делегация бармақ көрінеді. Бірінші сапар 27-29 наурыз күндері болады, оған вице-президенттің жары Уша Вэнс жетекшілік жасайды, екіншісін Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтс пен энергетика министрі Крис Райт бастап бармақ.

  • Уша Вэнс – үнділік иммигранттар Криш пен Лакшми Чиллукурилердің қызы. Жасы 39-да. Трамп сайлауда жеңген соң Уша Вэнс «АҚШ-тың екінші ледиі» деген лауазымға қол жеткізген тұңғыш үнді-америкалық әйел атанды. Ол Джей Ди Вэнспен 2014 жылы тұрмыс құрған, екеуінің үш баласы бар.

Уша Вэнс әскер базадан бөлек аралдың әдемі жерлерін аралап, ит жегілген шаналар жарысын (Avannaata Qimussersu) тамашалағысы келген екен. Алайда Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен «америкалық екінші ледидің» аптыққан көңілін басып қойды. 

«Питуффиктегі әскери базасына бара берсін, оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ қоғамдық орындарға шақырусыз бара алмайды», – деп қысқа қайырыпты дат министрі.

Дания
Ларс Лекке Расмуссен. Фото: ғаламтордан

Кейде бей-берекет сөйлей беретін Дональд Трамп осы жолы ақталуға мәжбүр болды. «Бұл – арандату мақсатында емес, достық рәуіштегі сапар. Біз оларды шақырған жоқпыз, олар бізді шақырды», – депті ол.

Дональд Трамп президент болып сайлана сала «Гренландияны АҚШ құрамына қосу үшін әскери немесе экономикалық қысым жасауға дайынмын» деген. Енді міне, сол мақсатын іске асыруға көшкендей. Трамптың бұл әрекеті Данияны ғана емес, Еуропаның өзге елдерін де тіксіндіріп, отқа май құйғандай болды.