17 Ақпан 18:30
...

Диорды таңқалдырған қазақ қызы жайлы деректі фильм жарық көрді

Фото:
Атақты сәнгер Кристиан Диордың музасы болған қазақ қызы туралы деректі фильм жарыққа шықты. Парижді бағындырған қаракөздің тағдыры мен өнердегі жолы туралы өткен жылы кітап жазған Берлин Иришев жақында су жаңа туындыны ұсынып,

 Алматыда өткен тұсаукесерге түсірілім тобымен бірге арнайы келді. Жуырда деректі фильм үлкен экранға жол тартпақ.

Белгілі «Dior» сән үйінің іргесін қалаушы, сәнгер Кристиан Диордың музасы Алла Елшін туралы фильмді таспалауға 2 жыл уақыт кеткен. Францияда өмір сүрген қазақ қызының өткенін зерттеп, ғұмырнамасын нақтылап, жинастыру - жоба ұйымдастырушыларын біраз әуреге салған. Парижді бағындырған қазақ қызын қалың елге танымал еткен кітап авторы, дипломат Берлин Иришев осы жолы да зерттеу жұмысын жалғастырып, тың деректі ұсынды.

Берлин Иришев, жоба авторы: оны барлық елде аса үлкен құрметпен қарсы алып, ерекше ілтипат білдірген. Алланың киген киімі ел аузында, журналистердің назарында болған. «Dior» сән үйінің әлемге танымал болуына Алланың қосқан үлесі зор деп білемін. Американдық басылым беттері үнемі атақты сәнгерді тәнті еткен Алла жайлы мақала жазатын болған. Сонымен бірге Алла аса танымал тұлғалармен жиі араласқан.   

Қарлығаш Абиева, қауымдастық  мүшесі:  Біздің зерттеу жұмысымызда мистикалық сәйкестіктер орын алды. Алланың мазарын таппас бұрын, әлеуметтік желі арқылы мен Марк есімді азаматқа, сіз Алланың ұлысыз ба деп жаздым. Алайда біраз уақытқа дейін жауап болмады. Сөйтіп ұжыммен мазарды тауып, кешкісін келсем, Марк есімді адамнан: «Ия, мен Алланың ұлымын» деген хабарлама келді. Міне, содан бастап зерттеу жұмысы өз жалғасын тауып, нәтижесін бере бастады.

Алланың әкесі Қуанхан Елшін бұрынғы Верный қаласында ауқатты отбасында дүниеге келген. Сол кездегі Түрксіб темір жолының салынуына ат салысқан азамат. Ол Қытайдың Харбин қаласына жұмыс бабымен барады. Ол кезде Харбин Ресейдің бақылауында болған. Сол жылдары Қуанхан орыс қызы Тамарамен танысады. Көп ұзамай өмірге Алла келеді.
Қарлығаш Абиева, қауымдастық мүшесі: 1936 жылдары соғыс басталады. Сөйтіп, Қуанхан жары мен қызын норвегиялық кемеге отырғызып, Францияға жібереді. Ары қарай Қуанханға не болғаны белгісіз күйінде қалды. Ал анасы мен қызы өзге елге келген соң көптеген қиындықтарды бастан өткереді. Алла қарапайым жұмыс жасайды. Сосын бір күні құрбысы арқылы «Dior» сән үйіне келіп, оның өмірінде «алтын кезең» басталады. Өз кезегінде, Алла мен Диордың достығы 20 жылға жуық уақытқа созылады.
1950 жылдары азиаттық келбетімен барша Еуропаны аузына қаратқан қазақ қызы сән әлемінде 21 жыл қызмет еткен. Кристиан Диордың мұрындық болуымен сәнбиекелік мансабын бастаған Алла Елшін 62 жасында өмірден өтті. 2 рет тұрмыс құрған. Артында 30 жастан асқан Марк есімді ұлы бар. Ол Парижде тұрады. Бұрын әскери азамат болған, қазір фотограф болып жұмыс  жасайды. Қазақ қызының баласы қазақ қызына үйленуді армандайтын көрінеді.  Айта кетейік, сәнбикемен бірге қызмет еткен Александр Васильев Алланың қазақ қызы екенін кездейсоқ білгенін айтты. Алла Франция азаматтығын алғаннан кейін бар сырын ашып айтқан. Ол өмірінің соңына дейін қудалаудан қорқып, жеке өмірі туралы тіс жармаған.

Берлин Иришев, жоба авторы: Жалпы қазақ қанында, тегінде бар құндылық ешқашан жоғалмайды. Оны өз кезегінде, Алла дәлелдеді. Рухани болмысы, табиғи сұлулығы оны биікке көтерді. Сондықтан осындай тұлғаның ғұмырнамасын зерттеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің шығармашылық топ Алланың ұлына өз анасы туралы толығырақ білуіне, көпшіліктің  осындай ұлы тұлғаны тануына зор мүмкіндік сыйлады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Қазірдің өзінде Ресейде зерттеу жұмыстары  басталып кетті.

Бұған дейін тек мәдени шараларды ұйымдастырумен айналысқан «Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығы»  аяқ асты бір адамның өмірін зерттеуді бастайды. Бір қызығы ұйқысыз  өткен түндерімен тынымсыз жүгірген күндеріне ешқайсысы ешкімнен ақы сұрамаған.

Қарлығаш Абиева, қауымдастық мүшесі: саябақта серуендеп жүрдім. Сол жерде көрме болған. Суреттердің ішінен таңдап, келбетті бұрымдының бейнесі бейнелеген портретті сатып алған танысым  мынау Алла ғой. Оның әкесі қазақ болған, зерттеп көрейік деп айтты. Содан жұмысты бастап кеттік. Біз Диорға жазып,  шет елге барған кезде олар Қазақстанды біз білмейміз деді. Қазір Қазақстанды біледі. Алла туралы ақпарат іздеп, хат жазған адамдарға менің және Берлин Иришевтің аты-жөнін айтып, осы кісілерге хабарласыңыз, деп айтатын болды.Бұл ең басты жетістігіміз деп ойлаймын. Дипломатияның рөлі зор деп есептеймін.

Еліміздегі деректі фильмдер қатарын толықтырған бұл туынды алдағы уақытта Ресей мен Қытайда үлкен экранға шықпақ. Фильмге Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» мен халық әні «Дударай» қолданылған. Одан бөлек, жобада жұмыс жасаған Гүлнар Захарова Алла жайлы өлең жолдарын шығарған. Туындыда бұл өлеңді ақын Олжас Сүлейменов дыбыстаған екен.

«Жарыққа шыққан картина ешкімді бейжай қалдырмайды»,- дейді жоба авторы Берлин Кенжетайұлы.

 

Тегтер: