«Дінтану» мамандығына түсушілердің қатары артып жатыр
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекет болса да еліміздің дінге қатысты өзіндік ұстанымдары бар. Дін мемлекет ісіне араласпайды. Әрбір азаматтың дін ұстану құқығы да өз еркінде. Қатып қалған қағида мен ұстануға міндетті мемлекеттік дін жоқ. Зайырлы мемлекет пен қоғамның басты ерекшелігі де осында жатыр.
Діннің өмірімізде қандай маңыздылығы бар екен жақсы білеміз. Адамзаттың қалыптасу сатысы да, тамыры тереңде жатқан тарихы да дінмен байланысты. Дін тек қана намаз оқу, мінәжат ету, шіркеуге бару, тасқа табынумен шектелмейді. Ол қоғамның ажырамас бөлшегі. Дін де зерттелуі тиіс ғылым. Сол себепті елімізде «Дінтану» саласы бойынша мамандар даярлау ісі жолға қойылған. Әр мамандықтың өз миссиясы бар. Сол сияқты дінтану мамандығының да арнайы қызметі бар. Діннің түрлі тармақтарынан жат ағымдар көбейіп жатыр. Ондай олқылықтарға жол бермеу үшін дінді зерттеп, оның тарихына үңілу маңызды.
Қазір дінтану мамандарын еліміздегі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр» Қазақ-египет ислам университетінің Дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды.
Діннің мәні мен мазмұнын, оның шығу тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру керек. Ал діннен хабары жоқ жеткіншек жат ағымның жетегіне оңай еріп кете салады. Сол себепті, дін ғылымын зерттейтін мамандардың болғаны қоғамға оң әсер етеді.
Әлемде діни наным-сенімдер өте көп. Әр мемлекет, әр ұлт, әр жеке тұлға өзінің ата дінін ұстанады. Алайда жер бетіндегі мемлекеттердің көпшілігінде адамдардың дін таңдау құқығы өзінде.

Дінтану саласын меңгеріп шыққан мамандар қандай жұмыстарды атқара алады?
ҰҚК және ІІМ сараптама қызметінің, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері комитетінің қызметкерлері бола алады. Сонымен қатар, дін тарихы мен теориясы, заманауи өркениеттің діни-философиялық мәселелері бойынша ғылыми-зертеу жұмыстарында ғылыми қызметкер болып істейді. оған қоса, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары және сол сияқты қызметтерді атқаруына жол ашылады. Көріп отырғанымыздай, дінтанушылардың атқарар қызметі көп, адамзатқа тигізер пайдасы да шаш етектен.
Қазіргі таңда «Дінтану» мамандығына түсушілердің қатары да, оған деген сұраныс та артып жатыр. Дін мәселесі өзекті тақырып болып қала береді. Әлемде экстремистік терроризмнің белең алуы, экстремистік топтардың көбеюі және лаңкестік әрекеттердің жиілеуі байқалады. Осындай діннің атын жамылып, жымысқы әрекетін іске асыратын топтарға тосқауыл болу үшін діни сауатты арттыру қажет.
Тіптен, қазақтың атам заманнан келе жатқан дін ұстану салтын да бұрмалап жатқандар бар. Дінге байланысты зерттеулердің тарихы тереңде жатыр. Дінтанушы мамандар тарихи деректердің барлығын саралап, ата діннің маңыздылығын қоғамның санасына сіңіру үшін қызмет етеді.
Тұрсынғали Диана
Ғылыми жетекшісі: Аға оқытушы, Phd Мұқан Нұрзат