5 Сәуір 23:29
...

Динара Сәдуақасова: Кадрлық резерв жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр

Фото:

Жастардың бүгіні мен болашағы ел саясатының негізгі тірегі. Қоғамның бір бөлшегі саналатын жастарды қолдау үшін жыл сайын жаңа жобалар енгізіліп келеді. Жастардың сапалы білім алуына, лайықты жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына барынша жағдай жасалып жатыр. Президент те елдің ертеңгі қозғаушы күші жастар екенін меңзеп, Президенттің кадрлық резервін жасақтады. Бүгінгі жастардың бет алысы қандай? Мемлекет берген мүмкіндіктерді толық пайдалана алып жатыр ма? Осы және өзге де сауалдарымызға Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова жауап берді. 

- Өзіңіз Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесісіз. Күні кеше ғана «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары болып тағайындалдыңыз. Жастардың тікелей өкілі ретінде, айтыңызшы, еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының дамуы қандай деңгейде? Жастар саясатын қалыптастырып, жүзеге асыру үшін неге басымдық берген жөн?

- Еліміздегі Мемлекеттік жастар саясатының дамуына «жақсы» деген баға беруге болады. Жастар үшін бірнеше ұтымды жоба жасалды. Мысалы, жастардың үй алуына, білім алуына гранттар бөлініп жатыр. Өз кәсібін ашқысы келетін жастар үшін де біраз мүмкіндік бар. Бірақ, әлі де шешімін таппаған мәселелер туындауы мүмкін. Сол себепті, алдын алу шараларына мән берген жөн.

Қазіргі кезде NEET санатындағы жастар деген термин заңға енгізіліп жатыр. Заң жобасы Мәжілісте талқылануда. NEET санатындағы жастар деген кімдер? Олардың қатарына кімдерді жатқызамыз? Не жұмыс істемейтін, не сабақ оқымайтын, не өздерін дамытпайтын жастарды NEET санатындағы жастар  деп атаймыз. NEET санатындағы жастар қайдан пайда болады? Олар кеше ғана аспаннан түсе салған жоқ қой. Ең әуелгіде, балалар қоғамда және мектепте дұрыс тәрбие алмаған. Сол себепті өскенде енжарлық танытып, белсенді өмір сүруге құлықсыз болады.  Осындай олқылықтардың алдын алу үшін тәрбие жұмыстарын әуел бастан көптеп ұйымдастырған дұрыс. 

Біздегі кейбір мемлекеттік органдар мектепке баратын балалардың ата-аналары қастарында болғандықтан оларды ұйымдасқан жастар деп атайды да, бар назарларын студент жастарға аударады. Меніңше, ол фокусты өзгерту керек. 

Екіншіден, жастарымыздың көпшілігі мүмкіндігі мол жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы аз ақпарат алып қалып жатады. Кей кездері мүлдем хабарсыз кететін жағдайлар өте көп. Ол туралы жыл сайын есеп дайындалады. Сол есепте де аталған мәселе көтерілген. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ақпараттық жұмысты күшейту керек.

- Президенттік жастар кадр резервінің ерекшелігін атап өтсеңіз? Президенттің кадр резерві жастарға не береді?

- Президенттің жастар кадр резерві жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Мен де жастар кадр резервінің мүшесі болғаныма өте қуаныштымын. Бұл жерде тек қана кәсіби өсу ғана емес, өзіңе шынайы жанашыр достар, ет жақын таныстар табасың. Сен сияқты ойлай білетін, мемлекет үшін жұмыс істегісі келетін адамдармен кезедесесің және сол адамдармен бірлесе отырып жақсы жобаларды, идеяларды жүзеге асырасың. Сондықтан, Президенттік жастар кадр резервін тек қана байқаудың арнайы кезеңі деп қарауға болмайды. Ол ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын және мемлекетті жақсы жағына өзгерткісі келетін жастардың қауымдастығы. Оларды солай қабылдау керек деп ойлаймын.

- Қазіргі жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін қалай бағалайсыз? Жалпы өзіңіз жастармен жұмыс істеудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

- Жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі жоғары деңгейде деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, соңғы жылдары жастарымыз волонтерлік ұйымдарға, әртүрлі қалалық, өңірлік, аудандық деңгейдегі жастар ұйымдарының жұмыстарына араласа бастады. Жастармен жұмыс істеудің әртүрлі жолдарын қарастырып, әртүрлі механизмдерді пайдалану керек. Өйткені қазіргі жастар бұрынғы жастар сияқты бірқалыпты емес, олар әртүрлі. Мысалы, кейбір жастарға әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату жеңіл болса, екінші бір жастарға жоба арқылы мақсатқа жету оңайырақ болатын шығар? Сондықтан әртүрлі форматты ұсынған дұрыс. Жастар ұйымдары саны жағынан көп болса артық етпейді. Сол арқылы мақсатты топты қамтуға болады. 

Билік, жергілікті орган, орталық органдар жастарға көп көңіл бөлуі керек. Иә, жастар біздің болашағымыз деп көп айтылады. Алайда жастардың мәселелері тек соңғы орында ғана қаралып жатқан жағдайлар өте көп. Меніңше, ол дұрыс емес. Жастарды тек субъект ретінде ғана емес, жалпы жастар саясатының объектісі ретінде де қарастыруымыз қажет.

- Жастар мемлекеттен жеткілікті деңгейде қолдау алып жатыр ма?

- Бұл туралы бірінші сұрақта да жауап беріп өттім. Бізде жастарды қолдауға мүмкіндік беретін бағдарламалар аз емес. Бірақ, кейбір жастар ол жайлы білмейді. Сондықтан оның мүмкіндіктерін толық пайдалана алмайды.

Бағдарламалардың да сан жағынан мүмкіндігі шектеулі. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын жастарға мың пәтер беріледі. Мың пәтердің өзі өте жақсы бастама. Алайда, мұқтаж жастардың барлығына бірдей жетпейді. Сол себепті мұндай бағдарламалардың санын арттыру керек деп ойлаймын.

- Жастар қалай білікті маман атана алады? Білікті маман атану үшін бойында қандай қасиеттер болу керек?

- Білікті маман атану үшін әрине, ең алдымен өз ісіңді кәсіби түрде меңгеріп, кәсіби маман болу керек. Қандай сала болмасын, сол саланы түгел зерттеп шыққан жөн. Сол кезде маман ретінде біліктілігің артады.

Екіншіден, ешқашан ерінбеу керек. Көп жұмыс берсе де қосымша тағы жұмыс сұраңыз. Өйткені, әр жұмысты атқару арқылы, әр тапсырманы орындау арқылы кәсіби білімің артады. Сондықтан ерінбей еңбек ету керек.

Үшіншіден, әрдайым дамып отырған абзал. Бір орында қалып кетпеу керек. Өйткені, XXI ғасырда бір күн ХХ ғасырдағы бір аптаға тең келеді. Қазіргі кезде технология күн сайын дамып, қоғам өзгеріп жатыр. Ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен тарауда. Сол себепті бір қалыпта қалып кетпей, өзіңді дамытып, қосымша курстарға барып, кітаптар оқып өзіңді шыңдаған жөн. 

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Жақында ғана жаңа қызметке кірістім. «AMANAT» партиясының дамуына ары қарай өз үлесімді қосамын деп есептеймін. Сондай-ақ,  Республикалық «Жас Ұлан» ұйымының әлі де төрайымымын. Екі лауазымды қатар атқарып жүрмін.

«Жас Ұлан» ұйымының қызметіне келетін болсақ, биыл балалалар жылы. Балалар жылы туралы мемлекеттік деңгейде ешкім айтып жатқан жоқ. Дегенмен, балалар ұйымы болғаннан кейін балалар үшін әртүрлі жобаларды, форумдарды, іс-шараларды, жаңа мүмкіндіктерді ұйымдастыруымыз керек. Ол біздің ұйымымыздың тікелей міндеті. Ол салаға да бар күшімді саламын.

Ал партияның жұмысына келетін болсақ, бізде бірнеше жаңа бастамалар, жаңа жобалар бастау алып жатыр. Күні кеше ғана жаңа форматтағы «TALQYLAU» диалог алаңының бірінші отырысын өткіздік. Ол жерде жаңа сипаттағы форматты ұсынуға тырыстық. Диалог алаңы тікелей эфирде, әлеуметтік желілерде көрсетілді. Ол «AMANAT» партиясының ашықтығын, өзгеріске дайын екенін білдіреді.  

- Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: