Димаш Әлжанов, саясаттанушы: Реваншизм туралы қауесет қоғамның Тоқаевты қолдауы үшін ғана қажет

Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда бір үрей бар. Геосаяси ахуал аумалы-төкпелі кезеңге тірелді. Ел арасында «әлдебір реваншистер» туралы сыпсың сөз тыйылмай отыр.
Бұған қарамастан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қара күзде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге бел буып отыр. «Додаға түсіп, бақ сынап көремін» деушілердің қарасы әлі де көп емес. Болат Әбілов, Әміржан Қосанов секілді бірлі-жарым қайраткерлер болмаса, қалғандары әліптің артын бағып отырғандай.
Осы бір ұрымтал тұста сайлау өткізудің қажеттілігі қандай? Ақорда неге мұндай тоқтамға келді? Расымен де, ел іргесін сөгетіндей қауіп-қатер бар ма?
Саясаттанушы Димаш Әлжанов NEGE-ге берген сұхбатында бұл мәселелердің қоясын ақтарып берді:
– Тоқаев кешегі Жолдауында алдағы президент сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасын жария еткендей болды. Сіз бұны қалай бағалар едіңіз?
– Иә, Жолдаудың көздегені осы. Бұл – билікті қолына шоғырландырып, өкілеттілігінің мерзімін созу әрекеті. Қоғамға әлеуметтік көмек беруді, басқаруға аздаған өзгеріс енгізуді, Қаңтар оқиғасында ұсталғандарға рақымшылық жасауға уәде етті. Осы арқылы шерушілерді атуға бұйрық бергеніне, ұсталғандардың азапталуына қатысты айтылып жатқан сындар мен наразылықты азайтпақ. Бұл уәделердің бәрі мерзімінен тыс өтетін сайлау кезінде қоғамдағы наразылықтарды азайтуға бағытталған.
Тоқаевтың өкілеттілігін ұзарту схемасы бір кездері Назарбаев жасаған нәрселерге қатты ұқсайды. «Демократияландырамыз, президенттің билік жүргізу мерзімін қысқартамыз» дегенді алға тартқанымен, шын мәнінде Тоқаев билігін ұзартудың схемасы жасалып жатыр.
Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қолында барлық мүмкіндігі бола тұра, Тоқаев Назарбаев жүйесін өзгерткен жоқ. Ол да Назарбаев сияқты өз билігін күшейтуге, президент қызметінде ұзақ отыруға әрекет жасап отыр.
Фото: ВВС
– Тоқаев неге мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұйғарды? Мұның астарында не сыр бар?
– Бұл жерде бірнеше фактор бар. Соның бірі – алдағы жылдары еліміздегі экономикалық ахуалдың қазіргіден де нашарлай түсуі, халық табысының азаюы. Халықтың саяси белсендігі күрт артып, қаңтардағыдай наразылықтар бой көрсетуі мүмкін. Осы жағымсыз жайттарды болжай отырып, Тоқаев алдын-ала әрекет жасап отыр.
Саяси қырына келсек, мерзімінен бұрын өткізілген сайлау қоғам етек-жеңін жинап үлгермей, наразылық күшеймей тұрып, саяси доданы ың-шыңсыз өткізіп, президент болуға мүмкіндік береді.
Тоқаевтың бәсекелестері – саяси партияларын тіркеуге ұмтылып жүрген адамдар екіұдай жағдайда қалды. Өйткені, жаңа партияларды тіркеу мәселелері президенттік сайлаудан кейін шешіледі. Осылайша, Тоқаев оларға таңдау қалдырып отыр. Не президенттік сайлауда ашық наразылық білдіруге, не үндемей қалып, жалаң мәлімдемелермен шектеліп, саяси партиясының тіркелгенін күтуге мәжбүр болады.
Мұндай тәсілге бұрын Назарбаев та жүгініп келген. Бұл жерде ешқандай жаңа нәрсе жоқ. Тоқаев тек бұрын пайдаланған әдістерді қолданып отыр.
– Сіздіңше, осы сайлауда Тоқаевтың басты қарсыласы кім болмақ?
– Сайлауда бәсекелестік болмайды. «Қарсыласы кім?» деген сұрақтың маңызы да жоқ. Мәселе басқада.
2019 жылы Тоқаев алғаш сайланған кезде елде үлкен наразылық өтті. Ұсталған адамдар да аз болмады. Қорытындысын жариялау бірнеше күнге ұзап кетті. Содан бері Тоқаев ұдайы «Назарбаевтың мұрагері, дербестігі жоқ саясаткер, көпшіліктің мақұлдауынсыз, мандатынсыз билікке келген адам» ретінде қабылданды.
Осы жағдайда, легитимдігінің әлсіздігі қоғам үшін де маңызды. Бірінші кезеңіндегідей болғаны дұрысырақ. Себебі, оның билігі әлсіз болған жағдайда ғана әрі қарай реформалар жасап, ымыраға келтіруге болады. Егер ол сайлау өткізіп, көпшіліктің қолдауына ие болса, бұл елдегі жағдайды қиындата түседі. Бұл бостандыққа да, қарапайым азаматтардың құқықтарына да қатысты.
– Соңғы кездері «реваншистер» туралы жиі сөз қозғалып жүр. Олар сайлауға ықпал ете ала ма?
– «Реваншизм» – Тоқаев пен оның әкімшілігінің көпшіліктің қолдауына ие болу үшін шығарып жүрген әңгімесі. Реваншистер атымен жоқ. Өйткені, Тоқаев пен Назарбаев келісімге келіп, ортақ байлам жасасқан. Назарбаев Тоқаевтың қорғауында. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан жоқ. Меншігіндегі дүниелерін тартып алып жатқан да ешкім жоқ. Байқасаңыздар, Назарбаевтың өзі де оның туыстары да жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың тергеліп жатқаны Назарбаевтың өзіне тікелей қауіп төндірмейді.
Фото: Коммерсантъ
– Назарбаев дәуіріндегі ең ықпалды адамдар – Н.Нығматулин, И.Тасмағамбетов, Б.Байбек және басқа да тұлғалар қайтпек? Олар туралы да осыны айтуға бола ма?
– Гәп мынада: Бұл адамдар, тіпті, Назарбаевтың кезінде де саясатпен айналысу мүмкіндігінен шеттетілген-ді. Олар тек қана Назарбаев командасының ішіндегі легионерлер болды. Қазір олардың қолында инфрақұрылымдары, яғни не партиясы, не ұйымы жоқ. Қалаған күннің өзінде де, тек қана жеке тұлғасымен, жеке имидждерімен жағдайды өзгерте алмайды.
Назарбаевтың кезінде де, Тоқаевтың кезінде де ешкімге саясатпен айналысуға мүмкіндік берілмейді. Мәселе осында жатыр. Мұның кесірінен байсалды, ұйымдасқан саяси бәсекелестік өте аз болады.
Ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте болған, компроматтармен, басқа да осал тұстарымен байланысы болған адамдар қазіргі саяси режимге белсенді түрде қарсы шығады деп ойламаймын.
– Демек, алдағы сайлауда Тоқаев басымдықпен жеңіп, Назарбаев кезіндегідей, қалған бәсекелестер екінші рөл атқара ма? Олай болса, алдағы Тоқаев дәуірінің қандай сипатта болатынына болжам жасай аласыз ба?
– Тоқаев бес жыл президент болып отырады. Қайта сайланған соң, Конституцияны өзгертіп, бұрынғы мерзімдерінің күшін жойып, тағы да 7 жыл билікте қалуы мүмкін. Яғни, бес жылдың орнына Тоқаев билікте 12 жыл отыруы ғажап емес.
Бұл түзетудің қалай жария болғанына қарап, билікте ұзақ отыруы үшін Тоқаев билікті қолына шоғырландыруға күш салатынын байқауға болады. Назарбаев негізін қалап кеткен авториторлық ескі тәртіпті Тоқаев қайта орнатып жатыр. Бір кездері Назарбаевтың қолында болған бар билікті жеке мақсатына пайдалануда. Демократизация мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Тоқаев президент болғалы бері билігін реформа жүргізуге пайдаланбады. Тіпті, Жолдауында жаңа экономикалық бағытты да жария еткен жоқ. Ол барынша консерваторлық дәлізде әрекет етіп жатыр. Яғни, бәрін бұрынғыша қалдырмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!