Димаш Құдайберген Нью-Йоркті «жарды». Эксклюзив! (фото-видео)
Бүгін Нью-Йорктегі
Barclays Center аренасында Димаш Құдайбергеннің «ARNAU» атты концерті дүркіреп өткенін өз көзімізбен көрдік. Бұған дейін Barclays Center сахнасында Мадонна, Бейонсе, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемнің жарық жұлдыздары көрсеткен.
Концертке келгендер әлемнің алпыс елінен жиналған. Жеті мың билеттің төрттен үшін америкалықтар сатып алыпты. Сондықтан болар, Димаш концерт «шымылдығын» ағылшын тіліндегі әнмен ашты.
«Sos Dun Terrien En Detresse» әнін шырқағанда фонда әлемге танымал, шоқтығы биік жұлдыздар Майкл Джексон, Джон Леннон, Фредди Меркьюри, Брюс Ли және аяулы Батырхан Шүкеновтің суреті бейнеленді.
Шырқалған әндерге фондағы қазақ табиғаты да ерекше өң бере түсті. Концерттің шарықтау шегінде Димаш екінші сахнаға ауысып, достары мен бауыры Мансұрға қосылып, қазақ күйлерінен попурри орындады. Фанзонада қаумалаған жанкүйерлер қазақтың домбырасына таңданыспен қараса, жанымыздағы тыңдармандар «Домбыра деген осы ғой, иә?» деп таң-тамаша қалып сұрап жатты.
«Осыдан 10 жыл бұрын менің бағымды ашқан мына әнді Нью-Йорк сахнасында орындасам екен» деп армандаған болатынмын. Армандар орындалады. «Дайдидай-ау» әнін бірге шырқайық» деп, Димашымыз арманындағы әнді Dears-тарымен бірге шырқады.
Концертте Айгерім Тілеубек есімді жас әнші «Гаухартасты» салып, халық әнін шебер орындау қанымызда бар екенін тағы бір дәлелдеді.
Әлем сахнасында феномен болған Димаш өз әнін бір кезек тыңдармандарына айтқызып көріп еді, зал ілесе кетіп, құдды бір хормен ән шырқағандай болды. Сондай әсермен Димаш тіпті күртесін бір көрерменге сыйлады.
Американың әр штатында жүрген қазақтар да осы кеште бас қосты. Көбіне Головкиннің жекпе-жектеріне көтеріп баратын көк байрақ бүгін Димаштың концертінің көркін кіргізді. Қазақы әуен мен қара домбыра күмбірі сыртта жүрген қандастардың туған елге деген сағынышын арттырғаны хақ.
Концерт соңында Димаш әке-шешесіне, ата-әжесіне, туған еліне алғысын айтып, басын иді. АҚШ-қа тағы да келіп, қайта қауышатынын айтып, кешті қазақ әнімен тербете аяқтады.



NEGE.KZ оқырмандары үшін Нью-Йорктен Ербол Молдажан
