Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлының финалистері анықталды
Қазақстанда Astana Hub ұйымдастырған технологиялық жобаларға арналған ұлттық стартап-батл Digital Qazaqstan Battle байқауының өңірлік жартылай финалдары аяқталды.
Байқау қорытындысы бойынша 20 финалист анықталды. Олар өз өңірлерін таныстырып, жобаларын Шымкент қаласында өтетін Digital Qazaqstan форумының сахнасында ұсынады.
Astana Hub басқарушы директоры Танат Өскембаевтың айтуынша, бұл жоба технологиялық стартаптар тек ірі қалаларда ғана емес, Қазақстанның өңірлерінде де дамып жатқанын көрсетеді.
«Жартылай финалдар барысында біз дайын өнімдері бар, алғашқы сатылымдарын жасаған және халықаралық нарыққа шығуды көздейтін стартаптарды көрдік. Шымкентте өтетін финал олардың үздіктеріне өз шешімдерін инвесторларға және елдің технологиялық экожүйесіне таныстыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Өңірлік кезең жеңімпаздарының бірі – JolScan стартабы. Жоба қалалық камералар мен мобильді құрылғылардан жиналған деректер негізінде жол жабынындағы ақауларды автоматты түрде анықтайды. Бұл жолдарды қолмен тексеруге кететін шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
«Біз жол инфрақұрылымын бақылау мен автотұрақ кеңістігін басқаруды бір экожүйеге біріктіретін шешім ұсынып отырмыз. Қалалық инфрақұрылымды мобильді сенсор ретінде пайдалану – қалаларды цифрлық трансформациялаудың тиімді жолы», – деді JolScan стартабының тең құрылтайшысы Рустем Қадыров.
Айта кетейік, ұлттық стартап-батлдың финалы 2026 жылғы 27 наурызда Шымкент қаласында Digital Qazaqstan форумы аясында өтеді. Финалистер өз жобаларын қазылар алқасына, инвесторларға және елдің технологиялық экожүйесінің өкілдеріне таныстырады.

Байқау жеңімпазы 10 млн теңге, екінші орын иегері 5 млн теңге, ал үшінші орын иегері 3 млн теңге алады. Сондай-ақ 1 млн теңге көлемінде көрермен көзайымы жүлдесі табысталады. Қазылар алқасы жобаларды нарықтық әлеуеті, команда сапасы, масштабталу мүмкіндігі және инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалайды.