USD
USD
USD

Депутаттың компаниясы Шымкентте Hilton салуға ҚДБ-дан көмек сұрады

Қазақстанның Даму банкі сайтында Шымкентте Hilton қонақүйін салуға қаржы бөлу жөніндегі өтінім пайда болды.

.
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі/2024 жыл

Астана, NEGE. Өтінімде қарыз алушы ретінде Pana Holding ЖШС, ал бенефициар ретінде Мағауия Сексенбайұлы Тұрысбеков көрсетілген. Қазіргі уақытта өтінім банктік сараптама кезеңіне қажетті құжаттарды жинау сатысында тұр.

Компания ҚДБ-дан қанша қаржы сұрап отырғаны әзірге белгісіз. Алайда бұған дейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Шымкенттегі Hilton қонақүйінің құрылысы 17,5 млрд теңгеге бағаланатынын айтқан. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Болашақ қонақүйдің капсуласы 2024 жылы Шымкенттегі жаңа Shymkent City шағынауданында қаланған. Сол кезде халықаралық желіге кіретін бес жұлдызды қонақүйді 2026 жылы ашу жоспарланған еді. Қонақүйде 167 нөмір, ballroom-зал, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал болады деп хабарланған.

.
Мағауия Тұрысбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, капсула салу рәсімі

Айта кетейік, жобаның бенефициары Мағауия Тұрысбеков – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. Оның есімі бұған дейін медициналық қолғапқа қатысты дауда аталған.

Жоғары аудиторлық палата 2024 жылы Тұрысбековке тиесілі «КазМедПром» ЖШС отандық өндірушіге берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, «СК-Фармацияға» 8,1 млрд теңгеге 63 млн жұп медициналық қолғап жеткізгенін хабарлаған. Аудиторлардың мәліметінше, жеткізілген қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес келген.

Аудиторлар бағаның да негізсіз көтерілгенін мәлімдеген. Олардың дерегінше, компания Panagloves диагностикалық латекс қолғаптарын бір жұбын 98 теңгеден сатқан. Ал нарықта дәл осындай қолғаптардың бір жұбы 40 теңгеден ұсынылған. Жоғары аудиторлық палата осының салдарынан мемлекет 5,3 млрд теңге артық төлеуі мүмкін екенін есептеген.

Шымкент прокуратурасы «КазМедПром» қызметіне тексеру тағайындап, компания жылына шамамен 17 млн жұп қолғап өндіретінін, тағы 50 млн жұпқа жуық қолғап Таиландтан in bulk, яғни қаптамасыз әкелінген өнімнен дайындалатынын анықтаған. Мұндай қолғаптар Қазақстанда жуылып, кептіріліп, зарарсыздандырылып, қапталады.

Прокуратура мұны қайта өңдеу деп танып, заңбұзушылық таппаған. Алайда аудиторлар бұл ұстаныммен келіспеді.

«Мұндай өңдеу жеткілікті деп саналмайды, себебі тауар номенклатурасының коды өзгермейді. Яғни бұл іс жүзінде өндіріс емес», – деп атап өткен Жоғары аудиторлық палата.

Енді Тұрысбековке тиесілі компания Шымкентте бес жұлдызды Hilton қонақүйін салу үшін Қазақстанның Даму банкінен қаржы алуға ниет білдіріп отыр.

Қазір оқып жатыр

Ресейдегі жанармай тапшылығы: тасымалдаушылар Қазақстан бағытын қарастырып жатыр

Жүк тасымалдаушылар

«VIP-клиенттерге есірткі әзірлеген»: Алматы облысында қылмыстық смеха әшкереленді

есірткі

Қазақстан екі халықаралық банктен 460 млрд теңгеден астам қарыз алады

ақша

Батыс Қазақстан инвестиция тартуда қандай артықшылықтарға ие?

БҚО, инвестиция