20 Наурыз 18:07
...

Депутаттар елтаңбаны өзгертуге қалай қарайды?

Герб
Фото: Фото: ғаламтордан

Бүгін Мәжіліс отырысында депутаттар елтаңбаны өзгерту туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін қолдайтынын айтып, мәлімдеме жасады. Ал бізге сұхбат берген депутаттардың біріне қазіргі елтаңба ұнаса, енді бірі оны өзгертуді қалайды.

Respublica паритясы фракциясы атынан сайланған депутат Айдарбек Қожаназаров елтаңба еліміздің тарихы мен мәдениетін көрсете алатын символ болуы керек деп есептейді.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Елтаңба неміс тілінен аударғанда «герб» – мұра деген мағынаны білдіреді. Мұра деген сөздің мағынасын қарайықшы? Ол мәдени, тарихи мұраның көрсеткіші болуы керек.

Мысалға біздің әр руымыздың таңбасы бар және оның өз мәні бар. Біздің елтаңба қандай мән, қандай тарихи-мәдени мұраны білдіретіні мен үшін түсініксіз. Бұл – жастардың ішінен шыққан көзқарас. Мұны бір емес, оншақты түрлі-түрлі орталардан естігенмін. Қазіргі елтаңба шынымен эмоция тудыратын елтаңба емес. Көк туымызға қараңыз, ол желбіреген кезде шынымен жүрегің елжіреп, көзіңе жас келеді. Ал елтаңбамыз болса, сонау Совет үкіметі кезінен келе жатқан елтаңба сияқты, ешқандай эмоция тудырмайды, – дейді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев елтаңбаны өзгерту бастамасын құптайтынын айтып отыр.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Қазіргі елтаңбада сақ, ғұн, қазақ хандығының, одан қалса Алтын Орданың элементтері жоқ. Тарихты зерттеген азамат ретінде менің ойымша, герб айбынды болуы керек. Оған осындай элементтерді қосу қажет, – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Алайда депутат Ермұрат Бапи елтаңбаны дәл қазіргі жағдайда ауыстыру қажет емес деп есептейді.

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Елтаңбаны биыл, болмаса келесі жылы, не одан кейінгі жылдары ауыстырса да болатын еді. Арттан қуып келе жатқан ештеңе жоқ. Ең бастысы қазіргі елдегі экономикалық жағдайды түзеу ғой. Халықты қымбатшылықтан құтқару, кедейшілікті, инфляцияны ауыздықтау деген сияқты мәселелер бар.

Герб өзгерсе, біздің тағып жүрген белгішелерімізге дейін өзгеруі керек қой. Әрбір мекеменің алдында тұрған герб бар, паспорттағы елтаңба да өзгеруі керек. Барлығын өзгертсе, бұл миллиардтарға барады, – дейді Ермұрат Бапи.

Бүгінгі өткен Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құстап елтаңбаны қоғаммен бірге талқылау туралы Президенттің бастамасын қолдайтынын, оны заман сұранысын ескеріп, жетілдіру керек екенін айтқан болатын.

Ал депутаты Еркін Әбіл елтаңба тек қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ шетел азаматтарына да қарапайым, түсінікті болуы керек деп, қазіргі елтаңбада мемлекеттің тарихи ерекшелігі байқалмайды деп сынады.

Еске сала кетейік, өткен аптада Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі елтаңбамызды Кеңес заманындағы гербке ұқсататындар бар екенін айтып, елтаңбаны өзгерту туралы бастаманы қоғам талқысына салып, арнайы комиссия құруды ұсынған.