Депутат «Самұрық-Қазына» басшысының миллиондаған табысына күмән келтірді
Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Азат Перуашевтен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың үш жылда 806 млн теңге табыс тапқанына қалай қарайтынын сұрады.
Астана, NEGE. Депутат ұлттық қор басшының табысы сұрақ туғызатынын, теріс көзқараста екенін айтты.
«Егер бұл жеке компания болса, мұндай табыстар ешкімнің күмәнін тудырмас еді, керісінше, біз бұған қуанар едік және Илон Маск секілді табысты кәсіпкеріміз бар деп мақтанар едік.
Ал адам мемлекеттік ресурстың үстінде отырып, сонымен қатар осындай табысқа қол жеткізсе, әрине, сұрақтар туындайды», – дейді Перуашев.
Бұл ретте депутат «Ақ жол» фракциясы барлық квазимемлекеттік құрылымды, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың қызметін Парламентте талқыланатын республикалық бюджетке толықтай енгізуді ұсынғанын еске салды, яғни кеңейтілген бюджет құрамына қосуды талап еткен.
«Бүгінде көпжылдық талаптарымыздың нәтижесінде бұл есептер ұсынылып жүр. Бюджетті қараймыз, алайда, өкінішке қарай, сол бюджеттерді және солар бойынша есептерді бекітпейміз. Тек есеп қабылдаймыз. Дегенмен, бұл да болса – алғашқы қадам», – дейді ол.
Айта кетейік, жуырда «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2022–2024 жылдар аралығындағы табысы туралы декларация мәліметін жариялады. Ақпаратқа сүйенсек, қор басшысы үш жыл ішінде 805 984 963 теңге табыс тапқан.