23 Желтоқсан 15:51
...

Депутат қаза болған подполковниктің ісін қайта тергеуді талап етті

Видеодан скриншот
Фото: Видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бас прокуратураға осыдан он жыл бұрын Астанада өзін гранатамен жарып жіберген подполковник Арман Сыздықовтың ісін қайта тергеу жөнінде өтініш білдірді.

Астана, NEGE. Әбеновтің жазуынша, офицерді еске алуына TikTok желісінен кездейсоқ кездескен бейнежазба себеп болған. Желіде тараған видеода Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі түлегінің журналист сұрағына жауап беріп тұрған сәті таспаланған.

«Оның сауатты сөйлеуі мен Отанға адал қызмет етуге, ел мүддесін қолына қару алып қорғауға деген жасандылықтан ада, шынайы ниеті мені қатты тәнті етті» деген депутат жас офицердің кейінгі тағдыры қалай өрбігенін білмек болып желіден ол туралы ақпараттар іздестіре бастағанын жазады.

Депутат видеодағы адамның әскери әулеттен шыққан Арман Сыздықов екенін анықтайды. Ол подполковник шеніне дейін көтеріліп, Қорғаныс министрлігінде жоғары лауазымды қызмет атқарған.

Алайда 2015 жылдың ақпан айында офицер өз көлігінде өзін гранатамен жарып жіберген. Оқиға орнынан марқұмның қоштасу хаты табылған. Онда ол отбасынан кешірім сұрап, әріптестері тарапынан көрген қысымға төзе алмағанын жазған.

«Өзіне қол жұмсаған офицер жазбасында өзін қорлаған адамдардың фамилияларын атап көрсеткен. Сондай-ақ ол жұбайына ұлын өз бетімен тәрбиелеуді өтініп, әкесінің баласын қатты жақсы көргенін жеткізуді сұраған. Оның артында екі баласы қалды», – деп жазады Әбенов Facebook желісіндегі парақшасында.

Депуттаттың назарын аударған жайт – қоштасу хаты бола тұра, құқық қорғау органдары тергеуді офицердің жұбайынан бастағаны. Оны тергеуге шақырып, тергеушілер ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, араларында болған ықтимал жанжалдар мен қаржылық қиындықтар туралы егжей-тегжейлі сұраған.

Алайда Әбенов подполковниктің өліміне отбасылық жанжал себеп болмағанына сенімді.

«Неге екенін білмеймін, бірақ мен оны өзін-өзі өлтіруге итермелегеніне сенімдімін. Алайда тергеу мен сот материалдарын сол күйі таба алмадым. Оқиғадан кейінгі барлық ақпарат интернеттен өшіріліп кеткендей, бұл деректерді жасыруға жасалған әрекетке ұқсайды.

Биыл бұл қайғылы оқиғаға тура 10 жыл толып отыр. Нағыз офицердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Бәлкім, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бұл іс бойынша тергеуді қайта жандандыруды бастамашылық ететін болар. Өйткені түбінде әділдік салтанат құруға тиіс», – дейді депутат.

Оның айтуынша, 2015 жылы Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарған.