Депутат Елнұр Бейсенбаев шенеуніктерге шүйлікті
Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев шенеуніктердің халықтан алыстағанын айтып, «мемге» айналған әрекеттерін сынға алды.
Астана, NEGE. Депутат жазда елді мекендерді аралап, халықты алаңдататын ең негізгі мәселелерді анықтаған. Бүгінгі мәжіліс отырысында депутаттар тарапынан қойылған 40-тан астам сұрақ – сол күрделі проблемалардың шағын ғана бөлігі екен.
«Үкіметтен келіп түскен жауаптардың 46 пайызы – тек түсіндірме, 20 пайызы – «орындау сатысында», 13 пайызы – «мүлде шешілмеген», тіпті, 5 пайызы жауапсыз қалғаны анықталды. Бұл статистика Үкіметтің сұрақтардың жартысынан астамы бойынша нақты шешім қабылдамағанын, ал әр бесінші өтініштің бюрократиялық созбалаңға ұшырағанын көрсетеді», – деді ол.
Елнұр Бейсенбаев инфляция және қымбатшылық мәселесін де тілге тиек етті.
«Ауыл-аймақтағы халықтың айтуынша, олар өз табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды. Бағаның күнделікті өсуі отбасылардың бюджетіне салмақ салып, азаматтардың мүмкіндігін шектейтіні айтпаса да түсінікті. Ауыл тұрғындарының табысы қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есе төмен», – деді депутат.
Оның айтуынша, Үкімет мүшелері конструктивті диалогқа дайын емес. Бұл жағдай халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін төмендетеді.
Депутат шенеуніктердің этикаға жатпайтын және ойланбай айтылған мәлімдемелерін де еске алды.
«Өткен аптада сауда вице-министрі жаңа жылдық дастарханға кететін шығындар адамның қалауы мен қалтасына байланысты деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ барлығын келе жатқан мерекемен құттықтаған болатын. Алматы облысы әкімінің орынбасары мүгедектігі бар адамдарды «құдай жазалаған» деді (кейін кешірім сұрап, дұрыс айтпағанын түсіндірді). Қорғаныс министрі армиядағы суицидтер туралы журналистің сөзін қабылдамай, күлімсіреп жауап берді», – деді ол.
Бейсенбаевтың пікірінше, бұл жайттардың бәрі шенеуніктердің халықтан алшақтап кеткенін көрсетеді.