24 Желтоқсан 14:42
...

Депутат экономикалық реформаның «әкелерін» жазалауды сұрады

Ирина Смирнова
Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова кейбір шенеуніктердің және Ұлттық экономика министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірді.

Астана, NEGE. Ирина Смирнованың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі бизнеске қатаң талаптар қояды. Алайда экономикалық реформаны әзірлеп, оны жүзеге асырып отырған тұлғалардың өздері жүйелі қателіктерге жол беріп келеді.

«Экономикалық реформаның “әкелері” өз жұмысының тиімділігін көрсете алмай отыр. Жоспарлау мен қаржы жұмсау арасында жүйелілік жоқ, мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың қызметі тұтастық пен бірізділіктен айырылған. Тиімсіз жұмыс істеп отырған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері қандай жауапкершілікке тартылады? Жағдайды жақсарту үшін қандай шешімдер қабылданады?» – деп сұрады Смирнова.

​Алихан Смайыловтың айтуынша, жоғары аудиторлық палата мұндай заңбұзушылықтарды жыл сайын анықтап, өз құзыреті аясында тиісті шаралар қабылдайды. Анықталған деректердің сипатына қарай лауазымды тұлғалар тәртіптік, әкімшілік, ал негіз болған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Мысалы, биыл 193 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, 204 адам тәртіптік жауапқа алынды, ал 70 іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша құқық қорғау органдарына жіберілді», – деді Смайылов. 

Еске салсақ, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жүргізіліп жатқан салық реформасы мен үкіметтің жалпы экономикалық және қаржылық саясаты үшін жеке өзі жауапты екенін айтты. Ол өзін «салық реформасының әкесі» дейтіндермен келісетінін айтты.