20 Қаңтар 11:56
...

Депутат балалардың әлеуметтік желіде көп отыратынына алаңдаушылық білдірді

freepik.com
Фото: freepik.com

Ұлттық құрылтайдың V отырысында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу жөнінде мәселе көтерді.

Астана, NEGE. Оның пікірінше, әлеуметтік желі қуатты саяси құралға айналып отыр. Бұл ретте депутат көптеген елде наразылық науқандары онлайн-платформалар арқылы басталғанына назар аударды.

«Әлеуметтік желілер тек қарым-қатынас құру алаңы ғана емес, сонымен қатар қуатты саяси және идеологиялық құралға айналып отыр. Біз бірқатар елде, соның ішінде Еуропада наразылық науқандарының, көшедегі мобилизацияның және күрт саяси өзгерістердің дәл осы онлайн-платформалар арқылы басталып, үйлестірілгенін көріп отырмыз. Бұл мәселе терең және жан-жақты талдауды талап етеді деп есептеймін», – деп мәлімдеді Сергей Пономарёв.

Әлеуметтік желілердің қолжетімділігі идеология мен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тірелетінін айтқан депутат Жасанды интеллект министрлігін тарта отырып, мәселені жүйелі түрде пысықтауды ұсынды.

«Мұнда сөз тек технологиялар жайында емес, ең алдымен болашақ ұрпақтың санасына әсер ететін идеология, ал түптеп келгенде – ұлттық қауіпсіздік мәселесі туралы болып отыр. Бұл мәселені жүйелі түрде пысықтап, талдау негізінде балалар мен жасөспірімдерді қорғаудан бастап, цифрлық платформалардың жауапкершілігін айқындау және деструктивті ақпараттық ықпалдарға қарсы іс-қимыл жасауға дейінгі нақты әрі теңгерімді шаралар әзірлеу үшін Жасанды интеллект министрлігін тартуды ұсынамын.

Халықаралық тәжірибеге, соның ішінде 14 жасқа дейінгі, ал кейбір елдерде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге назар аударғым келеді», – деді ол.

Депутат бұл тыйым салу шарасы ғана емес екенін, мәселе «цифрлық дәуірде ойлаудың жанды диалогты талдау қабілетін қорғау және кемелденген тұлғаны қалыптастыру» жайында болып отырғанын атап өтті.