Вице-министр ұшақта шетел азаматына көмек көрсетті
Әуе рейсі кезінде денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыға ұшақта болған денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов көмекке келді.
Астана, NEGE. Оқиға Астана–Тараз бағытындағы әуе рейсінде болған.
Ұшу кезінде 38 жастағы Ресей азаматының жүрегі айнып, қан қысымы көтерілген. Бортта медицина қызметкері болмағандықтан, ұшақта вице-министр бірден көмекке кірісті.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Манас Рамазанов жолаушының қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық көмек көрсетті.
«Вице-министр Тараз әуежайына жедел жәрдем бригадасын шақыртты. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы медицина қызметкерлеріне тапсырылып, әрі қарай тиісті медициналық көмек алуына жағдай жасалды», – деп хабарлады басқарма.
Басқарманың хабарлауынша, дер кезіндегі медициналық көмектен кейін жолаушының жағдайы тұрақталды.