Демография – ел дамуының көрсеткіші
20 қазанда Астана қаласында «Отбасы – Қазақстанның тұрақты демографиялық дамуының негізі» атты халықаралық конференциясы өтіп, онда еліміздегі бірқатар демографиялық, отбасылық және азаматтардың өмір сапасына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар, отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша ғылыми зерттеу ұйымдарының ұлттық консорцумын құру туралы келісімге қол қойды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша конференцияның мақсаты – мемлекеттің демографиялық даму мәселелеріне ғылыми негізделген көзқарасты дамыту, мемлекеттік органдар мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің демографиялық даму мен отбасылық саясаттың өзекті мәселелерін талқылау бойынша диалог алаңын құру.
«Азаматтардың орташа жасы 32 жас»
«Соңғы он жылдықта еліміздегі отбасы институтында айтарлықтай өзгерістер болды: некелесу жасының ұлғаюы мен алғашқы сәбидің кеш дүниеге келуі, ажырасудың және толық емес отбасы үлесінің өсуі. Одан өзге жаңа демографиялық тенденциялар, соның ішінде соңғы жылдары тіркелген рекордтық туу көрсеткіштері белгіленді. Президент халыққа Жолдауында 2023 жылдың соңына дейін Қазақстан халқы 20 млн адамға жететінін атап өткен болатын. Соңғы 10 жылда өсім шамамен 3 млн адамды құрады. Бұл ретте халық құрылымында жастар үлесінің өсуі байқалады. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызды құрайды. Ел азаматтарының орташа жасы 32 жас», -деді ҚР президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық коммисия төрағасы, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева.
Біріккен ұлттар ұйымының зерттеуі бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанда ерлердің орташа жас ұзақтығы 75 жас, ал әйелдердікі 84 жас болады. Ал Қазақстан халқының саны 24,3 млн адам болады деп болжануда.
Шарада халыққа мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек пен іс-шаралар туралы да айтылып өтті. Оның ішінде балалары бар отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары қарастырылғаны және сондай-ақ, көп балалы, жалғызбасты отбасыларға тұрғынүй беру мен 5 және одан да көп баласы бар отбасыларға 53 жаста зейнетке шығуға болатыны айтылды.
Отбасы мүшелерінің туған күні - отбасылық дәстүрдің негізгісі
2022 жылы ҚР Қоғамдық даму институты «Қазақстандық отбасылар-2022» Ұлттық баяндамасын дайындау шеңберінде халық арасында сауалнама жүргізіпті. Респонденттерге отбасылық қатынастарғат қанағаттануы, олардың балалардың бойына сіңіретін құндылықтары, отбасылық дәстүрлер, бірге уақыт өткізу, ұрпақтар арасындағы өзара қарым қатынас және балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері туралы сұрақтар қойылған екен.
Оның ішінде отбасылық қарым қатынасқа қанағаттану көрсеткіші 78,25 пайызды құраған. Ал мүлдем қанағаттанбайтындар1 пайыз болған екен.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың көбі балаларының бойына еңбекқорлықты сіңіруге тырысады екен. Олардың саны 33,8 пайыз. Ал өзіне құрметпен қарауды 31,8 пайыз, адалдық пен әділдікті 31,7 пайыз адам балаларына негізгі тәрбие ретінде көреді.
Бір біріне қамқор болу, сыйластық пен қолдау көрсетуді 72,8 пайыз адам мәні бар отбасылық құндылықтың бірінші сатысына қойған. Ал отбасы мүшелерінің туған күні отбасылық дәстүрдің негізгісі екен. Оған 86,4 пайыз адам дауыс берген.
66 пайыз балаға ата-аналары отбасылық өмірдің үлгісі болып саналады екен. Бірақ үнемі балаларының қасында болатын ата-анадардың саны сәл азайыпты. 2019 жылы олардың саны 48,2 болса, 2022 жылы 45,5 пайызды құрапты.
БҰҰДБ ресми деректеріне сәйкес БҰҰ 2021-2022 жылдардағы адам дамуы туралы жыл сайынғы баяндамасында гендерлік даму индексі бойынша Қазақстан жетістіктер теңдігі деігейі өте жоғары елдердің 1-ші тобына енгізілді. Ал 2023 жылы гендерлік алшақтық индексі бойынша рейтингте 146 елдің ішінде 62 орынға шықты. Биыл елімізде гендердік тепе-теңдік 72,1 пайызға жетіпті. Қазақстанда білім деңгейі бойынша гендерлік алшақтық іс жүзінде жойылды, бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына қабылдауда толық теңдік қамтамасыз етіледі.
ҚР президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық коммисия Самұрық-Қазына қорымен бірлесіп, «Саламатты Қазақстан» пойызын, отбасылық құндылықтарды тәрбиелеуге арналған жобасын және IT саласындағы халықаралық ынтымақтастық және БАҚ-пен жұмыс бағытында бірқатар іс тындырыпты.