Делиден келген «десерт». «Үнді штаммы» экономикадағы барлық жоспарды НЕГЕ бұзуы мүмкін?
Вакцинация «Үнді штаммына» тосқауыл бола алмаса, әлем елдері қатаң карантинге қайта оралатын болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазіргі болжамы осындай. Мұндай сценарий іске асса, экономикасын коронакризиске дейінгі деңгейге қайтарғысы келіп отырған Қазақстан ауыр жағдайға душар болмақ.
2020 жылы еліміз ішкі жалпы өнімнің 2,6 пайызын жоғалтты. Одан бөлек, коронавируспен күреске 1 миллиард доллар жұмсады. Көптеген қызмет көрсететін шағын бизнес орындары жабылды. 2021 жылы осы жоғалтқанымызды қайтарып аламыз деген үмітіміз бар еді.
Дүниежүзілік банк биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,2 пайызға өседі деп болжаса, ел үкіметінің өсім бойынша күтіп отырған деңгейі – 3,1%. Бірақ осы жоспардың барлығын «Үнді штаммы» бұзуы мүмкін.
«Қалай дегенмен де, бізді жақсы ештеңе күтіп тұрған жоқ», – дейді Nege.kz шолушысына түсініктеме берген «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Енді «жаман» мен «өте жаман» арасында таңдау жасау керек болады. Экономиканың кезекті локдаунға қаншалықты төтеп бере алатыны екі факторға байланысты».
«Біріншісі – бизнеске қойылатын талаптардың нашарлау деңгейі, екіншісі – элиталардың өз кірісімен бөлісуге қаншалықты дайын екені. Мысалы, қазіргі жоғары бағалар кезеңінде шикізат секторынан түсетін табыспен бөлісу, коррупциялық рентаның төмендеуі деген сияқты. Әйтпеген күнде, күтпеген жағдайлар болуы мүмкін»
Ал TikMill брокерлік тобының сарапшысы, қаржы маманы Арман Бейсембаевтың ойынша, үкіметтің кезекті локдаун енгізуге дәті бармайды. Себебі ондай жағдайда экономикалық өсім бойынша барлық жоспарлары бұзылмақ.
«Үнді штаммының» көрінісі. National Institute of Allergy and Infectious Diseases/Reuters
«Жоқ, олай болмайды. Өткен жылдың наурыз-мамыр айларындағы сценарий бойынша толық бұғаттау енді мүмкін емес. Тіпті оны қайталауға тырысудың өзі әлеуметтік наразылық тудыратын болады», – дейді Арман Бейсембаев.
«Адамдарды бұрынғыдай үйге қамауға болмайды. Тіпті қорқытудың да енді әсері жоқ. Ол кезде экономикада нақты апатқа бастайтын қайтарымсыз құбылыстар басталмақ»
Негізгі мәселе елімізде «Үнді штаммының» таралу жылдамдығы мен оның алдын-алу шараларының тиімділігіне байланысты болып отыр. Ең басты сұрақ – вакцина аталған штаммға қарсы тұра ала ма? Егер «Үнді штаммы» вакцинаны елемейтін болса, онда бұған дейін атқарылған жұмыс пен жұмсалған қыруар қаржы зая кеткен болып шығады. Және экономика біржолата тұралайды.
«Қазір енгізіліп жатқан салыстырмалы түрде айтқанда жұмсақ шектеулердің өзі шағын және орта бизнеске оңай тимейді», – деп жалғастырады Арман Бейсембаев. «Есептеулер бойынша шағын және орта бизнес үлесі қазірдің өзінде 15-20% -ға төмендеді».
«Жаңа шектеулермен шағын бизнестің жойылу қарқыны одан әрі үдей түспек. Жұмыссыздық артып, бюджетке түсетін салық қысқарады. Сондықтан үкіметтің бар максимумы – бұрыннан келе жатқан шектеулерді ғана қолдану болуы тиіс».
Дүниежүзілік Банк есебі бойынша, Қазақстанда 2021 жылдың бірінші тоқсанында халықтың едәуір бөлігі әлі де жұмыссыз болған. Онымен бірге, 2023 жылға дейін мемлекеттік қарыздың біртіндеп өсе беретіні болжанып отыр.
Мұндай жағдайда Үкімет не сынатын, не өлетін «арба мен өгіз» жағдайында қалып отыр. «Үнді штаммы» ырық бермей жатса, адамдарды оқшаулауға тура келмек. Бірақ онда көтерем қазақ экономикасы біржолата құлап қалмақ.