ДДСҰ Жеңіс мерекесін тойлаудан бас тартқан елдерге алғыс білдірді
Әлемді жайлаған коронавирус Жеңіс мерекесіне де тежеу болды, деп хабарлайды «Хабар 24» Пандемияға байланысты Мәскеу дәстүрлі әскери шеруді кейінге шегерді. Ертең тек әуе парадымен шектелмек.
Алматы, NEGE. «Жаужүрек полк» шеруі де алғаш рет онлайн өтеді. Ал Беларусь ескертуге қарамастан шеруді ертең өткізбек. Қазір мұнда дайындық қызу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ескертуінен бөлек жергілікті тұрғындардың өздері де қарсы болып, 7 мыңға жуық адам петицияға қол қойған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Жеңіс күніне орайластырылған мерекелік шаралардан бас тартқан елдерге алғыс айтты. Өйткені қазіргідей аумалы-төкпелі жағдай коронавирустың өршуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан мамандар әлем басшыларын Жеңіс күнін атап өтудің өзге жолдарын іздеуге шақырды.
ДДСҰ еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге: "Алда аса маңызды күн – Жеңіс күні. Бұл біз үшін де елеулі мереке. Алайда қазіргі жағдайда адамдардың өмірін қатерге тігуге болмайды. Өзге жол табу керек. Осы ретте мерекелік шараларды кейінге шегеріп не өткізуден бас тартқан елдердің билігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Олар халықтың денсаулығы бәрінен де маңызды екенін көрсетті" деді.
Карантинге байланысты ертең Қызыл алаңда адам болмайды. Ардагерлер де бұрынғыдай бір-бірімен кездесіп, мемориалға гүл қоя алмайды. Өйткені қарттар үшін коронавирус әлдеқайда қауіпті. Сондықтан олардың орнына гүл қою рәсімін волонтерлер атқарады. Қорғаныс министрлігі мерекелік отшашу ұйымдастырады. Алайда Мәскеу басшысы халықты сыртқа шықпай-ақ, оны теледидардан тамашалауға шақырып отыр. Ал Қызыл алаңдағы дәстүрлі шерудің орнына ертең әуе шеруі өтеді.
Ал Беларусь Отан соғысының 75 жылдығын бар сән-салтанатымен атқаруды жөн көріп отыр. Сөйтіп ертеңге шеру өткізу жоспарланған. Мұндағы ду-думанның қатарында концерт пен мерекелік отшашу да бар. Бірақ жергілікті биліктің бұл шешімі қатаң сынға ұшырады. Өйткені елде осымен екі апта қатарынан коронавирус жұқтыру деректері артып барады. Қазіргі көрсеткіш 20 мыңнан асады. Сөйтіп Беларусь науқастар санының өсім көрсеткіші бойынша Еуропада үшінші орында тұр. Алайда билік жағдайды бақылауда ұстап отырғандығын айтады. Беларусь президенті Александр Лукашенко: "Минскте жиналғанымыз дұрыс. Жағдайды пайдалана отырып, көпшіліктің алдында барлық елдің басшыларын мерекелік шерудің құрметті қонағы болуға шақырамын" деді.
Десе де Минскте өтетін парадқа жоғары лауазымды шетелдік қонақтардың келетіні жайлы мәлімет жоқ. Соған қарамастан Александр Лукашенко меймандардың қатары көп болатынына еш күмәнім жоқ дейді. Мемлекет басшысы мерекені тойлауда ешкімді күштемейтінін де айтты.