24 Қаңтар 15:41

Дәулет Тұрлыханов: Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар кальянның түтінімен тыныстауға мәжбүр

Дәулет Тұрлыханов, депутат
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Тұрлыханов қоғамдық орындарда кальян, қор-қор шегетіндерге шара қолдануды сұрап, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. 

Астана, NEGE. Бүгін вейпке тыйым салу туралы заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды. Аталған заң – ұлт саулығын қорғауға бағытталған.

«Время» газетінің таяудағы санында «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі жарияланды. Онда апта сайын Астана мен алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны айтылған. Сұмдық емес пе?! Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін лаборатория жоқ екен. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері оның сатылуы 300 есеге өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды.

Бүгінде пайдасынан зияны көп, жас та кәрі де пайдаланатын осындай электрондық темекі, синтетикалық наркотик, бір ішсең қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп барады.

Солардың бірі – кальян, қор-қор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Тіпті жасөспірімдердің өзі топталып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көміп жатыр», - деді Дәулет Тұрлыханов. 

Депутаттың айтуынша, кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз.

«Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай!

Рас, кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені, 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты.

Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізуде. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр», - деді депутат. 

Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген.

«Сондықтан бұл мәселені де жіті қарап, заңнамалық негізде тоқтау салатын кез жетті деп білемін. Әріптестерімді осы ған шақырамын. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты әрекеті мен ұстанымы көңіл көншітпейді. Әрине, экономиканы дамытқан жақсы, ел қазынасын қампайтатын түсімнің артқаны дұрыс. Бірақ, ол халық денсаулығының есебінен болмауы тиіс. Еліміздің басты байлығы – адам. Оның денінің сау, санасының сергек, зиянды әдеттерден аулақ болуы бәрінен маңызды. Сондықтан, қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептеймін», - деді Дәулет Тұрлыханов депутаттық сауалында. 

Депутаттың айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

«Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет», - деді ол.