Дәулет Мұқаев, мәжіліс депутаты: «Популист» деген адамның өзі бір қап құм болса да, себуге атсалыссын
Су басқан Қостанай облысы, Жанкелді ауданына барған депутаттың бірі Дәулет Мұқаев құрқол емес, гуманитарлық көмек жеткізгенін айтты. NEGE тілшісінің сауалына жауап берген ол шалғайдағы аудандағы көзімен көрген жайтты баяндап берді.
Су басқан Қостанай облысы, Жанкелді ауданына барған депутаттың бірі Дәулет Мұқаев құрқол емес, гуманитарлық көмек жеткізгенін айтты. NEGE тілшісінің сауалына жауап берген ол шалғайдағы аудандағы көзімен көрген жайтты баяндап берді.
– Астанадан Арқалыққа келіп, одан ары Қостанай облысына қарасты Аманкелді, Жанкелді ауданына жетіп, Тәуіш (Жаркөл) ауылына табан тіредік. Аудандағы 30-ға жуық ауылды су шайып кеткен. Тәуіш ауылында 100 шақты үй бар. Кімнің үйін су басқанын өз көзіммен көрдім. Ауласындағы суды кештік. Біз барғанға дейін ол жерге ешқандай гуманитарлық көмек берілмеген. Жарық пен интернет болмады. Тек мектепте эектр қуаты және жылдамдығы төмен wi-fi бар екен. Байланыс біз кетер кезде қосылды. Тіпті, қарапайым боти аяқкиімі де жетпеген. Біз, яғни «Дәулеттен» қоры әкелген 2,5 тонна гуманитарлық көмегін таратты. Артынша жан-жақтан осындай көмектер келе бастады. Өзім Астанаға кеше ғана жеттім.
– Үкіметке қандай ұсыныспен оралдыңыз?
– Төтенше жағдайлар министрлігімен тікелей байланыс орнаттық. Ауылға тікұшақ барды. Қостанайдан ұлттық ұлан сарбаздары қызмет етуде. Бұл облыстың ең шалғайда орналасқан ауданы. Бүгінде Тәуіш ауылы – ауданның эпицентріне айналды. Облыс әкімінің орынбасары да бізден кейін жетті. Шығын көлемі анықталу үстінде. Сол ауылдың белсенді азаматтарының телефон нөмірін алдым, байланысқа шығып отырмын. Басқасы басқа, дәл осы ауылға өзім барып, көзбен көргеннен кейін менің басты назарымда болады. Әрі қарай да Үкіметтің үй салып беру мәселесін қадағалаймын.
– Үшінші тоқсан басталып кетті. Оқушылар қалай білім алады? ҰБТ-ға дайындалып жатқан мектеп түлектеріне қатысты сала министрліктеріне айтар талабыңыз бар ма?
– Мектеп түлектеріне су басқан аймақтарға қосымша гранттар бөліну керек деп есептеймін.
– Жергілікті әкімдіктің жұмысына қатысты пікіріңіз қандай? Апаттың алдын алу шаралары қолға алынбаған ба?
– Президенттің өзі жергілікті әкімдер мен Төтенше жағдай министрлігі арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты ғой. Әрқайсысы өз бетінше өмір сүріп жатқанын сынға алды. Бұлар ертерек қимылдау керек еді. Ауыл, аудан әкімі облыс әкіміне дер кезінде жеткізуі тиіс-тін. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ауылда су тасқыны соңғы 50 жылда болмаған екен. Кейбіреулер «су тасқыны жылда қайталанады» деп жазып жатыр. Кей аймақта бұл апат жыл сайын тіркелетін шығар, бірақ өзім барған ауданда осыдан елу жыл бұрын ғана болғанын естідік. Сондықтан болар іс болды, керісінше бұдан кейін қайталанбауы үшін жұмыс істеу қажет. «Нақты мынаның кінәсі» деп айту қиын. Қазіргі жағдайда бір-бірімізді сынамай, күшіміз бірлікте деген қағиданы ұстанып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз» керек.
– Кейбіреулер «Депутаттарға популизм ғана керек, тек суретке түсіп қайтты...» деген пікір айтты. Бұған не айтасыз?
– Маған қатысты айтылған ба? Өз басым мұндай ақпаратты көрмедім. Жалпы, қоғамда «Кім жаман?» дегенде депутаттың бейнесін жаман етіп көрсетіп тастаған ғой. «Депутат ұйқтап отырады, қарнын қампитады, ақша жейді» деген сияқты қаралау пікір көп.
Депутат болғаныма бір жылдан асты, ұйқтап отырған бірде-бір әріптесімді көрген жоқпын. Сондықтан депутаттарға қатысты стереотипті бұзу керек. Егер мен «депутатпын» деп шіреніп жүрсем, халықтың емес, әкімдердің «құлақтан тепкен» есептерін тыңдап қайтар едім.
Сол себептен де жүрген жерімде «депутатпын», «депутат келе жатыр» деп шулата бермеймін. Керісінше, үндемей барамын да, шулатып жіберуім мүмкін. Біз көрсетпегенде жергілікті атқарушы органдардан, министрлерден мұндайды көру екіталай.
Ешқандай да популизм болған жоқ. Суретке, бейнежазбаға не үшін түсіреміз? Тек қана ауызбен айта салмай, фотоқұжат ретінде көрсетуіміз керек. Ауызбен айту басқаша, сурет және бейнежазбамен дәлелдеу мүлдем басқаша. Содан кейін ғана үкімет тарапынан қозғалыс болып жатыр. Дәл маған қатысты айтатын болса, бұл популистік әрекет емес. Өзім де суықта су кешіп, 2-3 сағат ұйқымен ғана жүрдім. «Дәулеттен» қорының жігіттеріне алғыс, бәрі ораза ұстаса да, қолынан келген көмекті жасады. Бұл жерде сынайтын дүние жоқ. Бізді «популист» деген адамның өзі барып, бір қап құм болса да, себуге атсалыссын.