9 Тамыз 16:05
...

Дәстүрлі өнердің өкілі Джей Ло жайлы қандай пікірде?

А
Фото: А.Аманжолованың жеке мұрағатынан

Алма Аманжолова бала жастан үлкен сахнаға шыққан әнші. Бірақ соған сай дәстүрлі өнерді дәріптеушінің жұлдызбын деп кеудемсоқтағанын көрмеппіз. Халық әндерін нақышында шырқап жүрген өнерпаздан ел аузында жүрген Дженнифердің де жайын сұрап көрдік. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнер иесі өзі жайлы да сыр шертті. Оны төмендегі сұхбаттан оқыңыз.

– Алма, жұрт алда Алматыда өтер Джей Лоның концертін алақанын ысқылай күтіп отырғанда, сіз Абайдың 180 жылдығына арнап челлендж бастаған екенсіз... 

– Абай атамыз өлместей туынды жазып кеткен тұлға ғой. Менің ойымша адамзат барда Абай ешқашан өлмейді. Сол сияқты Дженнифердің де жөні басқа, екеуін салыстыруға мүлде келмейді. Ал оның дәл Ұлы ақынның туған күнінде концерт беруі сәйкестік шығар деп ойлаймын.

– Алпысқа тақаған әншінің дене бітімі біраз қазақ әйеліне үлгі болады деп жатқандарға не айтасыз? Тіршілік қамытын киген біздің келіншектерді күтімі күшті поп-жұлдызбен салыстыруға келе ме?

– Бұл әр адамның саулығы өз қолында деген мағынада айтылған әңгіме деп ойлаймын...

Әлемдік әншінің жартылай жалаңаш өнер көрсеткеніне қарап, «Елордамызда жын-ойнақ салды» деп шыққандар да бар. Ендігі жұрт ертеңгі концертке елеңдеулі көрінеді

– Қай ел екенін ұмытып тұрғаным, ол осыған дейін ислам дінін ұстанатын мемлекеттердің біріне барғанда тәнін жауып ән салған екен. Себебі сол елдегі шоуды ұйымдастырушылар қатаң талап қойған деседі. Біздің тараптан да сондай ескерту жасалу керек еді.

р
ғаламтордан

– Енді өзіңізге ойысайықшы, естуімше сіз мектепте орыс сыныбында оқыған екенсіз. Әсілінде орысша шүлдірлеп өскен қыздар операға не болмаса эстрадаға бет бұратын еді, сіздің домбыраға құштарлығыңыз қалай басталды?

– Осы жағы өзіме де қызық. Анам орыс тілін білмегендіктен, қалада жұмысқа орналасу қиын болған соң мені орысша оқытуды жөн көріпті. Ал дәстүрлі өнерді таңдауыма өнердегі көкем Алтынбек Қоразбаевтың творчествосы әсер етті. Себебі анам бірде қазақтың проблемасын айтып жүрген әнші концерт береді деп мені өзімен бірге көкемнің кешіне ертіп барды. Қазіргі Республика сарайында өткен кеш аншлагпен үш күнге созылды. Маған домбыраның үні ұнағаны сонша, ертесі тағы апаруын өтіндім. Тіпті, аудио кассетасын сатып алдық. Ал үшінші күні қайталай барғанда, анама маған домбыра сатып алып бер деп қолқа салдым. Оның алдында ғана түсіме бір ақсақал кіріп, домбыра табыстаған еді. Бұл тылсым ба деймін. Сөйтіп, кассетадан естіген әндерін әлгі домбыраға салып, түрлі конкурсатрға қатыса бастадым. Сондай көп байқаулардың бірінде көкем өзі байқап, мен соңынан ерген шәкіртіне айналдым.

– Жалпы Алтынбек Қоразбаев түлеткен әншілер әлі ел алдында келе жатыр. Ал қазіргі мен деген продюсерлердің жобасы бүгін бар болса, ертең тасада қалатыны несі?

– Бұл әншінің салған әніне әрі подюсердің көздеген мақсатына байланысты. Бірақ ол кісі өзін ешқашан продюсермін деп есептемейтін. Руханиятқа қызмет ету жолында рухани әндер жазып, соны шәкірттеріне орындатты. «Өнерді есеппен емес, ессіз сүю керек» деп Тұңғышбай ағамыз осындайдан айтты ма деймін. 

А
А.Аманжолованың жеке мұрағатынан

– Сіз салған «Қара пимадан» соң біраз еркек ішкіліктен түзу жолға түскен деседі. Ол өткен заманның қиянаты. Ал қазір қандай өткір мәселе тағы бір туындыға сұранып тұр?

– "Көрмейін десем көзім бар" дегендей, қоғамдағы мәселелер мені де толғандырмай қоймайды. Педофилия өршіп тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық та жетеді. Байқасам, әйелге қол көтеру бізде бұрыннан бар әдет екен. Әсіресе, оңтүстік өңірде жиі қылаң беретін. Тек ол кезде «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп, құпия қалдыратын. «Енем де, байым да ұрды, одан жаман болған жоқпын» деген сөздер осыдан айылған болар. Бірақ ол замманның ұрғаны мен қазіргі замандыкі басқа ма деймін. Ол уақытта ағаларымыз жеңгелерімізді шапалаққа бір салып қалса, қазіргілер әйелін еркекше сабайтын сияқты. Соған қарағанда, ер азаматтар әйелді өзімен тең көретін тәрізді. Желідегі психологтардың айтқанымен заңды пайдаланып көп әйелдер тіліне де көп ерік бере ме деймін. Себебі қазіргі әйелдер еркексіз де күн көре алатын деңгейге жетті. Мұны бетіне басқан кезде ер азаматтың да намысын жанатыны жасырын емес. Қанша жерден алтын басты әйел болса да еркек адамды «сен болмасаң бұлай болмас еді» деп көтермелеп отыру керек. Бұрынғылар баласын «әкең келе жатыр» деп тәрбиелейтін. Бұл әкені сыйлау, құрметтеуге баулитын. Сондықтан отбасында әр адам өз орынын білгені дұрыс.

Содан кейін қоғамда жаныма бататын тағы бір мәселе – әлеуметтік желінің кесірінен сөз саптауы нашар, ойын ашық жеткізе алмайтын ұрпақ дамып жатыр. Кешкісін бір дастарханда бас қосқан ағайындар емен жарқын әңгімелеспей, бір-бір сотканы құшақтап отырады. Өзіміз кітап оқи алмай жүріп, балалардан оны талап ету бекершілдік пе деймін. Өйткені күнкөріс талабы соған алып келді. Осындайда «Телефонға қарама» дейтін бір ән жазу керек пе деп қоямын.

А
А.Аманжолованың жеке мұрағатынан

– Өткенде әріптесіңіз Наркенже Серікбаева «қазақтың қаншама қызы басшылардың қол астында кетіп жатыр» деп дабыл қақан еді. Бірақ соңынан директоры екеуі табысқанымен, көпшіліктің көкейінде күпті ой қалды. Өнердегі қыздарға өрекпу әлі де әдеттен түспей келе ме?

– Мекемелерді білмеймін, бірақ бізде өнерлі қыздарды басқа мақсатта пайдаланғысы келетін азаматтар бар. Өкінішке орай, атын шығарғысы келетін қыздар солардың жетегінде кетеді. Көңіл жарастырып, өз продюсеріне тұрмысқа шығып жатқан қыздар да баршылық.

– Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған боларсыз?

– Менің балаларымның жастары алшақ. Сондықтан ортаншым мен кенжем мектепте оқиды, ал тұңғыш ұлды үйлендіргенбіз. Бөлек тұрады, немерем бар.

– Қандай енесіз?

– Мен енді қызметте болғандықтан, келін тәрбиелеп отырған енемін деп айта алмаймын. Бірақ барынша ақыл-кеңесімді беріп, ұл мен келінді тату болуға жұмылдырып отырамын. Келініммен ренішкен емеспін, керісінше, доспын. Біздің көзқрасымыз ескіргендіктен, заманауи психологияны меңгеріп, жақсы жақтарын алып жүрген жайым бар. Егер о бастан алған тәрбиемді алға тартсам, жастардың тілін табуым қиынға соғар еді. Себебі олардың көзқарасы мүлдем басқа. Анығын айтқанда, келінге келін болатын заман болды. Себебі ар жағында балаңды, өсіп келе жатқан немереңді ойлайсың.

– Әке мейіріміне зәру болып өскен екенсіз. Ол кісіні кешірдіңіз бе?

Әкем өткен жылы желотқсан айында дүние салды. Ол кісі менің концерттеріме қатысты, үйге келіп дастарханымнан дәм татты. Тағдыр солай болғаннан кейін ұрысып-керісетін емес. Оның үстіне бізден кетуге мәжбүр болғаннан кейін кешірдім. Бірақ кетемін деп кетпеген екен, ол кісі – менің, мен – ол кісінің бар екенін жылдар бойы білмей жүрдік. Әкем жайлы артық сөз айтпай мені бағып-қаққан нағашыларыма рақмет айтамын. Дегенмен, әкесіне еркелеп өскен қыздарға қызығып өскенім рас. Бала әкесі мен шешесі бар толық отбасында өсуге тиіс. Әсіресе, әкесіз өскен қыз баланың күйеуге тигеннен кейін ер азамтқа сенім артуы қиын болады екен. Ер адамға еркелеу, әйелге тән айла немесе нәзіктік деген нәрсе менде мүлде жоқ. Сондықтан қызымның әкесіне еркелегенін көріп сүйсінемін...