29 Наурыз 20:34
...

Дастан Ермеков: Волонтердің бойынан шыншылдық пен әділдік табылуы керек

Фото:

Әлемді аз қалпында сақтау үшін көп нәрсе керек емес. Әр адам қоршаған ортаны қорғауды ұмытпаса, адамдарға көмектесуді азаматтық борышы санаса, тірі жанға зиянын тигізбесе жетіп жатыр. Әлемді сақтау осындай қарапайым ғана қағидалардан тұрады. Бүгінде осындай қарапайым қағидалардан тұратын игі істердің басы-қасынан волонтерлер табылып жатыр. 

Бүгінгі біздің сұхбатымыздың кейіпкері, Ақмола облысы волонтерлерінің аймақтық Фронт-офисінің жетекшісі Дастан Амангелдіұлы Ермеков еліміздің болашағы үшін жастар жұмыс істеуі керек деген ойда. 

– Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, волонтерлікке қалай келдіңіз?

– Мен Павлодар қаласында туып-өстім. Былтыр Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін аяқтадым. Ол жерде «туризм» мамандығы бойынша білім алдым.

2017 жылы университет қабырғасында жүріп, «Көкшетау» студенттер Альянсы» атты жастар ұйымына қосылдым. Сол сәттен бастап менің волонтерлік өмірім басталып кетті. Біз көбіне «Qamqor» бағыты бойынша қызмет еттік. Ол жерде жалғыз тұратын қарт адамдарға қолғабыс болдық, балалар үйлеріне бардық, қалалық іс шаралардың барлығында белсенділік танытып жүрдік.

Өткен жылы «ҚазМедЖастар» РҚБ үйлестірушісі болып тағайындалдым. Ол жерде «Saulyq» бағытын дамытуға күш салдық. Бір жыл ішінде екі топ Көкшетау қаласы бойынша онкодиспансерде және жалғыз қалған 420 қарт адамға медициналық көмек көрсетті.

Осындай игі істердің басы-қасында жүріп, көп нәрсені үйрендік. Әр кезде өзіңе үлкен жауапкершілік артылғанын сезініудің өзі бір бақыт. Әрине, оның барлығын жалғыз істемейсіз. Көмектескісі келетін өзге де волонтерлердің қажырлы еңбегінің арқасында үлкен істерге қадам басамыз. Б9л – барлығымыздың табандылық танытып, жұмыла көтерген ортақ жүгіміз.

– EcoJas жобасы туралы не айтасыз?

– EcoJas жобасы бойынша біздің облыс қатысушылар тізіміне енді. Жақында жоба үйлестірушілерімен кездесу өтті. Ол жерде атқарылатын жұмыстың кейбір мәселелері талқыланды. Жұмыстармен зум арқылы алдын ала танысып шықтық.

Енді біз Ақмола облысындағы мектептердің оқушыларымен жұмыс істейтін боламыз. Біздің облыс бұл жобаны міндетті түрде қолдайды. Сонымен қатар жақын болашақта оң нәтижесін көретініміз анық.

EcoJas жобасында оқушылар жаңа экологиялық мәдениеттің принциптерін игеретін болады. Бұл дегеніміз, енді әрбір жеткіншек қоршаған ортаны сақтауды күнделікті өмірде ойынан тастамайтын болады деген сөз. Сонымен қатар олар бұл дағдыларды достарына, туыстарына, таныстарына үйрете жүреді. 

– Қандай жетістіктеріңізді мақтанышпен айта аласыз?

– Менің жастарға арналған салада жүргеніме 5 жыл болып қалды. Сол уақыттың ішінде университет ректорының, жастар орталығы жетекшілерінен, облыс әкімінің қолынан көптеген грамоталар алдым.

Бұл менің атқарып жатқан істерімнің жемісті болып жатқанының белгісі болар. Алайда, мен үшін орны ерекше қадірлі марапат бар. Ол – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 17 наурыздағы бұйрығы бойынша берілген «Шапағат» медалі.

Менің ең басты жетістіктерімнің бірі – «Қазақстан студенттері Альянсының» Көкшетау қаласындағы филиалдарының бірінде топ жасақтап шықтым. Олар тек қана алға ұмтылып келеді. Қазақстан студенттер Альянсы – еліміздегі ең үздік ұйым.

– Волонтердің бойында болу керек 3 қасиетті атап бере аласыз ба?

– Менің ойымша, ең бастысы волонтер шыншыл және әділ болуы керек. Ал қалған қасиеттерді волонтерлер жұмыс барысында бойына сіңіріп, өзіне керегін өмірлік ұстанымы етіп алады.

Айтып өткенімдей, ең алдымен волонтердің бойында шыншылдық пен әділдік табылуы керек

– Қазақстанның болашағы үшін Жастар дәл қазір не істей алады?

– Еліміздің болашағы үшін жастар жұмыс істеуі керек, жұмыс істеуі керек және тағы да жұмыс істеуі керек. Жұмысты таң атпай тұрып, жұмыс уақытының аяқталуын, айлық алу үшін айдың соңын күту үшін істеу міндетті емес. Ең бастысы пайдалы іспен айналысқан жөн.

Адам – өз өмірінің бағбаншысы. Оны дұрыс пайдалана білгені маңызды. Жұмысты барлығы да істей алады. Ал жұмыс істей жүріп даму және тәжірибеңмен бөлісу ол басқа әңгіме. Іспен ғана келер ұрпаққа үлгі бола алатынымызды ұғынуымыз керек. Біздің бүгінгі еңбегіміз болашақта өз жемісін бермей қоймайды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: