Спорт
Дастан Сәтпаев уақытша «Челсиге» оралды
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев жарақатын емдеу кезеңінде «Бернлиден» лондондық «Челсиге» уақытша оралады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Offside желілік басылымы жазды.
2 қыркүйекте өткен Чемпионшиптің төртінші турында «Бернли» өз алаңында «Мидлсбромен» кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. 18 жастағы Сәтпаев матчты негізгі құрамда бастап, алаңда 81 минут өткізді. Алайда аяғынан жарақат алған соң ол өзін басқа ойыншымен ауыстыруды сұраған.
Айта кетейік, «Мидлсбромен» өткен осы кездесуде Сәтпаев матчтың үздік ойыншысы атанған болатын.
Кейін «Бернли» клубы шабуылшының жарақатына байланысты бірнеше матчқа қатыспайтынын мәлімдеді. Басылым ақпаратынша, санның артқы бұлшықеті жарақаттанған. Толық айыққаннан кейін Дастан «Бернлиге» қайта оралады.
Сонымен қатар Сәтпаевтың Қазақстан құрамасы сапында алдағы матчқа қатысу-қатыспауы да әзірге белгісіз. Ұлттық құраманың жиыны 18 қыркүйекке жоспарланған, ал алғашқы матч 26 қыркүйекте өтеді. Шабуылшы тез арада сауығып кетсе де, толыққанды жаттығуларға оралуға уақыт қажет болады.
Еске салсақ, тамызда «Челси» қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаевты ресми түрде өз ойыншысы ретінде таныстырып, алдағы маусымға «Бернлиге» жалға бергенін хабарлаған болатын.
Таяуда «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Чемпионшиптегі «Норвичке» қарсы матчтан кейін 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ойынына жоғары баға берді. «Бернли» бұл кездесуде 1:4 есебімен жеңілді.