Дәрігер: Қазіргі таңда көп жастардың иммунитеті өте төмен

Гүлназ Сабитқызымен арнайы сұхбаттастық.
– Гүлназ Сабитқызы, сізді және сіздің ұжымдағы дәрігерлер қауымын күні кеше өткен төл мерекесімен құттықтаймыз. Өзіңіз туралы қысқаша айта кетіңізші. Қай оқу орның бітірдіңіз? Жалпы еңбек өтіліңіз қанша жыл?
– Мен өзім 1988-1994 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік медициналық университетін тәмәмдадым. Қазіргі таңда 28 жылдық еңбек өтілім бар, жоғары санатты дәрігермін.
Мен жұмыс істейтін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 1 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 1966 жылы Целиноград қаласындағы «№ 1 қалалық ауруханасы» құрылғаннан бастап оның құрамында 1999 жылға дейін болды. Яғни, қаламыздағы ең алғаш құрылған емханалардың бірі. 2018 жылдың 8 қаңтарынан бастап Республика даңғылында орналасқан шұғыл медициналық көмек бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар 2018 жылғы қаңтардан бастап тегін дәрі-дәрмек беретін дәріхана жұмыс істейді.
Біздің емхана орналасқан қаланың ескі бөлігінде егде жастағы адамдар тұрады, тұрғындардың 30 пайызы – 60 жастан асқандар. Олардың әрқайсысы жеке күтімді, көңіл бөлуді мен мейірімділікті қажет етеді. Емханада тұрғындардың денсаулығы үшін күресетін, денсаулық сақтау үздіктері, марапаттары бар, Денсаулық сақтау министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасының мақтау грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған ұжым жұмыс істейді.
Кез келген оқиға – адамдар, олардың қоғамды дамытуға бағытталған қадамдары мен үлесі. Емханамызда қоғам мен мемлекеттің тағдырына бей-жай қарамайтын адамдар жұмыс істейді, олар өз мамандығына, ісіне және ұйымына адал. Бізде мұндай қызметкерлердің саны көп. Емханадағы қызметкерлердің басым бөлігі 15 жыл және одан да көп уақыт қызмет етіп келеді.
– Сіз жұмыс істейтін елордадағы «№1 қалалық емхананың» қандай ерекшеліктері бар? Заманға сай қандай емдеу техникаларымен жабдықталған.
– Біздің мақсатымыз – бастапқы медициналық санитариялық көмек және емханаға тіркелген ересектер мен балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Сондай-ақ пациенттердің қажетті көлемде уақытылы, сапалы және қауіпсіз медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған медициналық қызметтердің сапасын басқару жүйесін жетілдіру. Аурулардың ерте, жасырын түрлерін және қауіп факторларын анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды, санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шараларды, иммундық профилактиканы ұйымдастыру мен жүргізуді, халықтың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша оқытуды жүзеге асыру арқылы ересектер мен балаларға сапалы бастапқы медициналық-санитариялық және консультативтік-диагностикалық көмекті қамтамасыз ету.
Біздің емхана заман талабына сай жабдықталған. ЭКГ, флюорография, рентген, УЗИ, эхокардиография, сынды адамға ең қажетті процедуралады жасаймыз. Сонымен қатар, барлық медициналық анализдерді тегін жасаймыз.
Бүгінде емханада ем алатын тұрғындар саны – 47 352 адам. Емхана 2020 жылы аккредитациядан өтіп, 3 жыл мерзімге екінші санат алды.
– Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары көбінесе қандай шағыммен келеді?
– Біздің емхана орналасқан қаланың он жағалауында егде жастағы адамдар тұрады, тұрғындардың 30 пайызы – 60 жастан асқандар. Олардың әрқайсысы жеке күтімді, көңіл бөлуді мен мейірімділікті қажет етеді.
Көбінесе жүрек ауруына шалдыққан адамдар жиі шағымданып келеді. Қан қысымы, қант диабеті, бронхиалды астма сынды аурулармен күресіп жатқан адамдар өте көп. Біз емхана шеңберінде емдеп, егер қатерлі түйін табылатын болса арнайы зерттеу ауруханаларына жолдама береміз.
– Кәсіби маман ретінде айтыңызшы елімізде денсаулық саласының жай-күйі қандай?
– Қазіргі таңда көп жастардың иммунитеті өте төмен. Денсаулықты сақтау және иммунитетті нығайту бәрінен де маңызды, әсіресе көктем-күз айларында. Сондай-ақ, жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) немесе тұмаудан көп зардап шегетіндер иммунитетке назар аудару керек. Иммунитетті қалпына келтіру және сақтау арнайы иммунитетті күшейтетін препараттарды пайдалануға болады. Бірақ денсаулықты нығайтудың көптеген қосымша әдістері бар.
Дұрыс тамақтану – вирустар мен аурулардан қорғаудың кілті және дененің қорғанысын жақсартуға ықпал ететін маңызды фактор. Саламатты өмір салтын сақтау, физикалық белсенділік, таңғы жаттығу, жүгіру, жаяу жүру, жүзу, серуендеу, зиянды әдеттерден аулақ болған маңызды.
Иммунитетті арттыру үшін стреске қарсы тұруды үйрену керек. Стресс және тұрақты жүйке кернеуі дененің қорғанысын төмендетеді, суық тиюді, бас ауруын, психикалық бұзылуларды тудырады және тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.
Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, денсаулық саласы анағұрлым жақсарған. Кез келген жерде цифрлы бағдарламалар орнатылған. Қатерлі ісікті де жеңіп жатқан адамдарды көзімізбен көріп жатырмыз. Жүрек ауыстыру сынды өте күрделі оталарды әріптестеріміз өзіміздің елде жасап жатыр. ТМД елдері ішінде біздің медицина алдынғы орында. МРТ, КТ-ға кез келген адам барып түсе алады. Медициналық сақтандыруға жарна төлейтін адам, барлық медициналық көмекті тегін ала алады.