15 Наурыз 12:12
...

Дариға Назарбаева «Астана Опера» кеңесінің құрамынан шығарылады

Дариға Назарбаева
Фото: ғаламтордан

Мәдениет және ақпарат министрінің «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Қамқоршылық кеңесінің құрамын өзгертуге қатысты бұйрық жобасы шықты.

Алматы, NEGE. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

— «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қамқоршылық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 512 қаулысымен бекітілген және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 362 қаулысымен өзгертілді. Қазір Қамқоршылық кеңестің жекелеген мүшелері қаулыда көрсетілген лауазымды атқармайды. Кадрлық өзгерістерге байланысты Қамқоршылық кеңес мүшелерінің құрамына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады, — делінген түсіндірме жазбада.

Осылайша театрдың Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің құрамын өзектендіру мақсаты қойылып отыр.

— Енгізілетін өзгеріс қамқоршылық кеңес құрамын өзекті кадрлық құрылымға сәйкес келтіру қажеттілігімен негізделген, — деп түсіндірілген құжат жобасында.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Қамқоршылық кеңесінің құрамынан кімдер шығарылды?

— Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы — бұрынғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты;
— Құлыбаев Тимур Асқарұлы — бұрынғы «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы;
— Сатқалиев Алмасадам Майданұлы — Энергетика министрі;
— Машкевич Александр Антонович — ERG Sarl менеджерлер кеңесінің төрағасы:
— Шодиев Патох Каюмович — ERG Sarl менеджерлер кеңесінің төрағасы;
— Рақышев Кеңес Хамитұлы — «Fincraft Resources» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы;
— Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлы — «Astana Group» холдингінің президенті;
— Васкес Лучано — ENI S.p.A. Орталық Азия филиалының басшысы.

Жаңа құрамда кімдер болады?

— Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі;

— Астана қаласының әкімі;

— «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісу бойынша);

— Аблазимов Бахаридин Нугманович, «ҚазАзот» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісу бойынша);

— Баталов Райымбек Әнуарұлы, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының міндетін атқарушы (келісу бойынша);

— Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісу бойынша);

— Ибрагимов Шухрат Алиджанұлы, ERG S.a.r.l. директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор (келісу бойынша);

— Хойтинк Сегер, Agip Karachaganak B.V. төрағасы және басқарушы директоры (келісу бойынша).

Бұйрық жобасы биыл 3 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.