19 Сәуір 21:36
...

Дархан Кәлетаев қай мемлекеттің елшісі?

Фото:

Екі күн бұрын Orda.kz сайты Қазақстанның Украинадағы елшілігі Киевке қайта оралғанын жазған. Кеше Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал бүгін Украинадағы елші Дархан Кәлетаев елшілік қызметкерлерінің түгелге жуығы Киевте екенін айтты? Кімге сенеміз: Кәлетаевқа ма, министрлікке ме?

«Біз кеше толық жұмыс құрамымен Киевке оралдық, елшіліктің төбесіне Қазақстанның туын тіктік. Осылайша астанаға ресми түрде оралғанымызды бекіттік. Бас консул Болат Каткенов Киевте азаматтарды қабылдай бастады, фотосын жібере аламын.

Мен де оралдым, бірақ бүгін жұмыс мәселесімен Львовқа қайтадан келдім. Бұл жерде бір қызметкеріміз қалады», – деген Д.Кәлетаев.

Министрлік пен елші неге «түсінісе алмай» жүр? Бұл қандай интрига?

Бұл туралы Қалетаев былай депті: «Олардың (министрліктің – ред.) неге олай айтып жүргенін түсінбедім. Интрига жоқ, тек біздің қауіпсіздігімізге алаңдайтын болар. Бірақ бізге бәрі айқын».

Бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияр осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Биыл наурызда Қазақстанның Украинадағы Елшілігі Львов қаласына уақытша көшірілгені белгілі. Сонымен қатар Польша мен Молдовадағы елшіліктерімізге уақытша өз қызметін атқару үшін екі қызметкерден жіберілді.

Елші Д.Кәлетаев жақында кеңес өткізу үшін Қазақстанда болды. Оның қорытындысы бойынша қазіргі кезеңде екі қызметкерді – әскери атташе мен кезекші комендантты тұрақты орналастыру үшін Киев қаласына қайтару туралы шешім қабылданды.

Елші және басқа қызметкерлер Львов пен Киев арасында «қатынап  жүреді»,  өйткені біздің Киевтегі елшілігіміздің ғимараты қажетті жұмыс пен консулдық қызмет көрсетуге бейімделген, сонымен қатар құжат айналымы үшін барлық қажетті техникалық коммуникациялары бар.

Қазіргі таңда Елшіліктің Львов қаласында орналасуы азаматтарымыз бен қандастарымызды эвакуациялаудың жалғасып жатқан процесі, соның ішінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен түсіндіріледі.

ҚР Елшілігін Киевке толық қайтару туралы түпкілікті шешімді елшінің ұсынысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрі қабылдайды».

Кәлетаевтың сұхбатына қарасақ, бәрін өзі кесіп-пішіп, Киевке оралу мәселесін де өзі шешіп тастағандай әсер қалдырады. Алайда министрлік «түпкілікті шешімді біз қабылдаймыз» деп отыр. Сонда Дархан Кәлетаев қай мемлекеттің елшісі?

Тегтер: