2 Желтоқсан 19:21
...

Дархан Сатыбалды Woosong университетінің Түркістандағы филиалының құрылыс алаңын аралады

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан, NEGE. Қазақ-корей бірлескен білім ордасы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасады. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын бақылады.

Өңір басшысы 18 қабатты ғимараттағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты басшылармен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпараттық технологиялар университетінің ашылуы келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жоба «Түркістан» ӘКК» АҚ мен серіктес «BOLD Construction Group» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт негізінде іске асырылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Айта кету керек, Woosong University – Оңтүстік Кореяда Теджон қаласында орналасқан және әйгілі WOOSONG білім беру қорына тиесілі университет. 70 жылдық тарихы бар ЖОО-да 12 000-нан астам студент білім алуда, 780 профессор біліктілігін арттыруда. Woosong кәсіби және оқу базасын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен ынтымақтасады.

Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша да мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.