Даниал Ахметов Сабильяновқа сәлем айтты

NEGE тілшісі жолдаған сауалдарға жауап берді.
Соңғы кездері Шығыс Қазақстан облысында жемқорлық мәселесі жиі қозғалып жатыр. Аягөз ауданында бірнеше ауыл әлі күнге дейін ауыз суды күтіп, аңқасы кеуіп жүр.
Аягөз ауданындағы ауылдарға ауыз су тартуға бюджеттен миллиардтаған ақша бөлінген. Бірақ, ауылдарға ауыз су тартылған жоқ. Шаруа аяқталмады. Миллиардтаған теңге бюджет қаржысының қайда кеткені белгісіз. Соның салдарынан халық әлі күнге дейін өзеннің суын тасып ішуге мәжбүр.
Даниал Ахметов осы жағдайға қатысты тілшіміздің сұрағына пікір білдірді. Аягөзге ауыз су үшін бөлінген қаражаттың қайда кеткенін түсіндіруге тырысты.
«Ол ақша ешқайда да кеткен жоқ. Су желілері салынды. Бірақ, екі ауылда сапалы жұмыс істелінген жоқ. Сол себепті бұрыннан тексеру жұмысы өткен. Мен ойлап тұрмын, осы жылы осы мәселе толық шешіледі», – деп күмілжіді Ахметов.
Ахметов айтқан ауыз су мәселесі Аягөз ауданында биыл қалай шешілетіні, шенді-шекпенділер миллиардтардың есебін қалай беретінін көреміз.
NEGE порталына берген сұхбатында бұрынғы депутат Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстанды жемқорлық жайлағанын ашық айтқан болатын. Бюджет қаражатын талан-таражға салу әдетке айналғанын айтып, әкім Ахметовті сынаған еді.
- Тақырыпқа орай: Нұртай Сабильянов: Әкім болуға қарсы емеспін, бірақ...
Осы жағдайға қатысты: «Бұл – тікелей сіздің атыңызға айтылған сын. Шығысты жемқорлық жайлағанын мойындайсыз ба?», – деген тілші сауалына төмендегідей жауап берді.
«Жемқорлық деген – өте қызық мәселе. Біз оны білеміз, мәселемен күресіп те жүрміз. Бұрынғы депутат Сабильянов біздің облыста істегенде осы мәселені неге айтып бермегеніне таң қаламын. Айтсын, келсін, көтерейік! Содан кейін бізде арнайы бюро бар. Олар да жұмыс істейді. Біздегі жағдай – барша елімізде болып жатқан жағдай. Сабильяновқа сәлем айтып жіберіңіз!», – деді Даниал Ахметов.
Даниал Ахметов осы сөзімен Шығыс Қазақстанда жемқорлық өршіп тұрғанын мойындағандай болды. Онысын «барша елімізде болып жатқан жағдай» деп бүркемелемек болғанын аңғардық. Бірақ мұнысы сәтсіз шықты. Әрине, Ахметовтің сәлемін Сабильяновқа жеткіземіз. Бұрынғы депутаттың берер жауабы дайын деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнеткер Д.Ахметовтің өкілеттігін бір жылға ұзартқаны белгілі. Алайда NEGE-нің тұрақты оқырмандарының бірі осы күзде Ахметовтің аттан ауып қалуы мүмкін екенін айтады.