Даниал Ахметов әкім кезінде салынған ГЭС оның ұлына 1,8 млрд теңге әкелді
Даниал Ахметов әкім болып тұрғанда салынған ГЭС оның ұлы Талғат Ахметовтің компаниясына 1,8 млрд теңге түсім әкелді.
Астана, NEGE. «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС жыл сайын «жасыл» электр қуатын өндіргені үшін компанияларға төленген қаражат көлемін жариялап отырады. Осы тізімде «Тұрғысын-1» ЖШС да бар. 2025 жылы бұл компанияға су электр стансасы арқылы өндірілген 58,9 млн кВт/сағ электр энергиясы үшін 1,76 млрд теңге көлемінде төлем жасалған.
Бұл кәсіпорынның негізгі құрылтайшыларының бірі – Талғат Ахметов иелік ететін «Eco Energy» ЖШС. Ол туралы Талғат Ахметовтің әкесі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде «Обожаю» YouTube арнасына берген сұхбатында ресми мәлімдеген болатын.
«Бірден айтайын, бұл туралы талай рет айтқанмын да. Менің ұлымның компаниясы «Тұрғысын-1» су электр стансасын салған. Ол жерде бірнеше адам бар. 50 пайызы менің ұлыма тиесілі. Ол туралы бүкіл ел біледі. Қалған акционерлердің аты-жөнін айтуға хақым жоқ. Өйткені бұл заңға қайшы теріс әрекет болады», – деген болатын Даниал Ахметов.

«Тұрғысын-1» ЖШС Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы Тұрғысын өзенінің бойына салынған ГЭС-тен электр қуатын өндіреді. Оның құрылысы 2012 жылы жобалана бастаған. Ол кезде облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев еді. Кейін оның орнына келген Даниал Ахметов аймақ басшысы ретінде Тұрғысындағы құрылыстың барысын үнемі назарында ұстап, Астанадан өңірге сапарлай келген Үкімет басшыларын нысанның басына апарып жүретін.
Аталған ГЭС 2021 жылдың тамызында ресми түрде қолданысқа берілген. Сол кезде жобаның жалпы құны 13,39 млрд теңге болған, оның ішінде 5 млрд теңгені Қазақстанның Даму банкі несие ретінде, 3,6 млрд теңгені Өнеркәсіпті дамыту қоры лизинг арқылы бөлгені айтылған. Тағы 1 млрд теңге AOM Rail BV компаниясынан займ ретінде тартылған. Бұл компания DBK Equity Fund компаниясының құрамына кіреді. Ал ол кәсіпорын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымына тиесілі. Қалған 3,8 млрд теңгені жобаны іске асырушы компания өз қаражатынан шығарған.
Автор: Анық Есімбай