17 Наурыз 17:39
...

Дамир Зайдуллаев: Волонтерлер Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып жүр

Фото:

Жас келсе, іске! Бүгінде волотерлікпен айналысып, қоғамдағы жұмыстарға кішкентай болса да өз үлесін қосып жүрген жастар жетерлік. Жұдырықтай жүректегі батылдық ірі істерді атқаруға жетеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сондай жандардың бірі. 16 жастағы мектеп оқушысы Дамир Зайдуллаев волонтерлікпен айналысып, қоғамдық өмірге белесене араласып жүр. 

– Өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

– Аты-жөнім Дамир Зайдуллаев, 16 жастамын. Атырау қаласында 11-сыныпта оқимын.  Бос уақытымның көбін волонтерлік іске арнап жүрмін. Онымен қоса, Азия мемлекеттерінің тарихын зерттеймін және lofi жанрын тыңдауды ұнатамын.

– Волонтерлікпен пандемия кезінде айналыса бастаған екенсіз. «Қиын кезеңде қоғамға менің көмегім керек екенін түсіндім» депсіз. Сіздің түсінігіңізше, волонтердің қызметі қандай? Оның маңызы неде?

– Менің ойымша,  волонтердің белгілі бір қызметі жоқ. Біз әрбір салада қызмет етуге дайынбыз. Басты мақсатымыз – қандай жұмыс болмасын бар күшімізді салып, жоғары нәтиже көрсету, қоғамға пайдалы болу.

Волонтерлер өте маңызды істермен айналысып жатыр. Жобалардың көпшілігі волонтерлердің көмегінсіз іске аспайтын еді. Олар әлемдегі өзгерістерді жақсы жағынан дамытып, қоғамды өзгерту арқылы үлгі болып отыр.

– Эко-волонтерліктің қызметіне қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Эко-волонтерлік негізінен экология саласына арналған. Оның  негізгі қызметі – экологияға, қоршаған ортаға қызмет ету. Оның ішінде: көгалдандыру жұмыстары, эко-сенбіліктер, қайта өңдеу шараларын жасау, экология жөнінде ақпарат беру сияқты қызметтерді айтуға болады.

– Қазіргі уақытта қандай волонтерлік жобалармен айналысып жатырсыз?

– Қазіргі уақытта KhanAcademy Qazaq жобасында аудармашы-волонтермін және НВС сайтының аудармашы-волонтері ретінде жұмыс атқарудамын. Сондай-ақ, НВС жобаларында белсенді волонтермін.

Қазір Univero.cc мекемесінде де волонтерлікпен айналысуды бастадым. Өзім волонтер ретінде мақтана алатын жобам – «Бауырмен Байланыс» жобасы.

– «Бауырмен Байланыс» жобасы туралы не айтасыз? Оның басты қызметі қандай?

– «Бауырмен Байланыс» жобасы – Төтенше жағдайлар кезінде шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына  елдегі туыстарымен  байланысуға мүмкіндік беретін жоба.

Қаңтар оқиғасы барысында шетелде болған қазақ азаматтары өз туыстарына хабарласа алмады. Сол себепті, Айгерім Нұрланқызы бастаған топпен «Бауырмен Байланыс» жобасы өз қызметіне кіріскен болатын.

Волонтерлер уақыт бөліп, әрбір хат қалдырған азаматтардың туыстарына хабарласып, амандығын біліп, жылы сөздерін жеткізіп отырды. Осы кезеңде волонтерлер 5000-нан астам өтінішті қабылдаған болатын.

Еліміз қиын күндерді басынан өткерген кезде, өз көмегімді тигізгенім үшін мақтанамын.

– Болашақта Қазақстанның дамуына волонтерлер қандай үлес қоса алады?

– Волонтерлер Қазақстанның дамуына қазірдің өзінде елеулі үлес қосып жатыр. Көптеген әлеуметтік жобалар, идеялар волонтерлердің бастамасымен іске асуда. Мемлекеттік жұмыстарды да волонтерлер ақысыз істеп жатыр.

Қоғамның өзгеруінде де волонтерлердің еңбегі ерен. Себебі, олар әрбір салада аянбай еңбек етуде. Әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлесін қосады, әрі қосуға дайын екеніне толықтай сенімдімін.

– Волонтер болу үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

 Ол жағынан келгенде қатып қалған қағида жоқ. Бірақ менің ойымша, волонтерлікпен айналысамын, қоғамға өз пайдамды тигіземін деген талпынысы болуы қажет.

Жеке менің волонтерлік тәжірибиемде өз ісіне жауапты, жобаны ойланбастан қолға алуға дайын адамдар бағаланады. Егер сіз де волонтер болғым келеді, қоғамға өз пайдамды тигізгім келеді деген талпынысыңыз болса, міндетті түрде  волонтерлік саласында көптеген жетістікке жетесіз. Мен оған кәміл сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: