Дақпыртты пайдаланып жаңа монополия жасау

Қаңтардағы қанды оқиғалардан соң әрбір қазақстандықтың аузында «утиль алымы» деген сөз және РОП деген атышулы аббревиатура жүрді. Мейлі, мініп жүрген көлігі болмаса да осы екі сөзді бәрі жаттап алып, ұрандатты.
Жекелеген таңдаулы адамдардың ғана қалтасына түсетін қыруар қаржыны қарапайым халықтың есебінен жинауды тоқтатуды халық табандап талап етті. Президент қазақстандықтардың талабына құлақ асып, жеке фирманың өкілеттігін мемлекеттік компания «Жасыл Дамуға» тапсырды.
-
Тақырыпқа орай: Экс-президент пен олигархтарсыз экономика. Биыл бізді НЕГЕ қызық сценарий күтіп тұр?
Ал енді Мемлекет басшысын түрлі министрліктерде жылы-жұмсақты кертіп жеп отырған осы тақылеттес ондаған конторалар тыңдай ма? Тіпті жаңадан монополиялар құрылып жатыр, бұлардың бенефициары – күмәнді бизнес. Осылар ше?
Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтіндер
Тізімдегі №1 – сөз жоқ, СК «Фармация». Бұл жерге бәрі шоғырланған: коронавирустың алғашқы толқынының батпақты тұнбасы, бос дәріханаларға кезекке тұрған қыруар халық, қазақстандық медицина басшылары бірінің әйелінің 12-ші көлігі, тағысын-тағылар. Бұдан кейін де күдік сейілмеді, дәрі-дәрмек түріндегі тегін гуманитарлық көмек пен дәрі-дәрмекті көтерме бағамен қымбатқа сатып алу дауы бұрқ ете қалды.
-
Тақырыпқа орай: «СҚ-Фармация» экс-басшысының қылмыстық ісі НЕГЕ өзгеріп кетті?
2022 жылдың көктемі есік қағып тұр, ал таз кепеш әлі басымызда.
Орнын тапқандар
Бізде тағы бір дақпыртты монополия бар, мұның да кертіп жегені – «қазы-қарта, жал-жая». Еліміздегі ең ірі мегаполистің барлық автотұрақтарының иесі – «Алматы Спецтехпаркинг сервис».
-
Тақырыпқа орай: Кәсіпкерлер: Байбек бәрін бүлдірді
Бұл құрылымға қатысты сын аз айтылмады. Мұнда да жұмыс жүйесі мөлдіреп тұрған жоқ, қаржылық есебі кешігеді немес мүлдем берілмейді, тұраққа қойылған автокөліктердің қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейді.
Фото: Tengrinews.kz
Қаңтар қырғыны мұнда да кейбір нәрселерді жалаңаштап, құрылымға қатысты басты сұрақты тіке қоюға мүмкіндік жасады. Бұл құрылымды Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевпен ашық байланыстыра бастады. Сол себепті қойылар сұрақтың да басы ашық: Миллиардтаған қаржы айналымы бар Алматы автотұрақтарындағы монополия қашан және қалай жойылады?
Осы сияқты көптеген сұрақтарды жарты акциясы жеке құрылымдарға тиесілі аса бай монополист «Қазақтелекомға» да қоюға болады.
Айналып өту
Бұлар да – ел аузында жүрген компаниялар. Қазақстанның жекелеген адамдарының аузынан ақ май ағызып отырған көлеңкелі схемалардың тағы қаншауын әшкерелеу керек сонда?
Екі жылдан бері Президент монополиядан құтылу туралы айтудай-ақ айтып келеді, ал 2022 жылдың басында дауысы бұрынғыдан да қатқыл шыға бастады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҚДА төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдап, олигополияны жою бойынша бірқатар тапсырмалар беруде. Фото: akorda.kz
Ақпан айының басында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жұмысы туралы есеп беріп, онда еліміздің әр аймағында теміржолды жекешелендіріп алуға тырысуға қатысты елді елең еткізер деректерді айтты.
Осы оқиғадан соң екі аптадан кейін, 17 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев монополия тақырыбына қайта айналып соғып, тіпті мәселе бәсекелестік туралы емес, әділеттілік туралы екенін баса айтты.
Олигополияның ойнағы
Қазір екінің бірі «олигополия» деген ұғымды жаттап алды. Ал Ұлттық экономика министрлігі жеке капиталмен қатысатын монополиялардың барлығын жуық арадағы 5 жылда – яғни 2027 жылы жоятынын айтты. Бірақ қазір оң қол оны жоя бастаса, сол қол орталық жүйке жүйесінен келген сигналға бағынбай, жаңа монополияны демеп жатыр. Иә, Жаңа Қазақстанда осындай ескі жүйе әлі дегенін істеуде.
Қалай тоқтатамыз?
Тұтастай сала мен сегментті жаулап алған, мейлі ол паркинг, коммуникация немесе фармацевтика саласы болсын, белсенді жұмыс істеп тұрған монополияны тоқтату – жүйіткіп келе жатқан пойызды тоқтатумен бірдей.
Ал енді жаңадан пайда бола бастаған, салық базасының орнына жеке қалталарды толтыратын Ставкаларды есепке алу орталығы сияқты монополияларға тосқауыл қою – қосалқы жолда енді қозғала бастаған вагонды тоқтата тұру сияқты нәрсе.