17 Қараша 17:26
...

«Cізді жақсы көрген». Cудья Яна Легкодимованың сезім үшін құрбан болғанын айтты

сот
Фото: «Ақ Жайық» басылымы

Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты үкім жарияланғаннан кейін, судья Зарема Хамидуллина сотталушыларға неге ең қатал жаза тағайындалғанын түсіндірді.

Астана, NEGE. Сот Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовтың Яна Легкодимованы алдын ала сөз байласу арқылы өлтіргенін анықтады. Олар он күн бойы у іздеуден бастап қылмысты жасырудың аса қатыгез тәсілдерін талқылаған. Тергеу деректеріне қарағанда, Хайржанов мәйітті тастауға болатын орынды да алдын ала білген.

Сондай-ақ, Хайржанов көлікте қызды буындырып жатқан сәтте Катимов есікті сыртынан ұстап тұрған. Сондықтан олардың әрекеті бірлесіп жасалған адам өлтіру деп танылды.

Олар бұған саналы түрде барды. Адам өмірін 500 мың теңгеге бағалады. Барлық процесс бойы олардың хат алмасуына қатысты түсініктеме күттім, бірақ олар жауап беруден бас тартты. Бұл - олардың құқығы, - деді судья.

Судья Хайржановтың Яна Легкодимова алкоголь мен есірткі қолданған, «аморальды өмір салтын ұстанған» деген уәждерін де атап өтті. Алайда үкімнің осы бөлігінде сот бұл дәлелдерді негізсіз деп таныды.

«Сіз оның сізге қауіп төндіргенін айттыңыз, бірақ хат алмасу материалдарында мұндай жайт анықталған жоқ. Керісінше, онда оның сізді жақсы көргені және өзара сезімге ұмтылғаны ғана көрінеді. Зардап шеккенді қаралау арқылы сіз өз іс-әрекетіңіздің салдарын әлі түсінбегеніңізді көрсетіп отырсыз. Бірнеше күн бойы сіз кісі өлтіру тәсілдерін талқыладыңыз - қатыгездікпен, цинизммен, күлкі араластырып. Сізді оның жағдайы емес, тек ұсталып қалмау мәселесі ғана толғандырған», - деді судья Хамидуллина.

Ол сотта марқұмның дене бөлшектерінің суретін де көрсетті.

«Міне, Янадан не қалғанын қараңыздар. Төменгі жақ сүйегі, қолдары, аяқтары және жамбас бөлігі жоқ. Оның денесін жануарлар бөлшектеп тастаған. Қалған бөлігі қайда екені белгісіз. Осы себепті сот сіздерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген ең қатаң жаза тағайындауға міндетті болды», - деді судья.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде болған.18 қазанда Яна Легкодимова Ризуан Хайржановпен кездесуге үйінен шыққан. Тергеу деректеріне сүйенсек, олардың арасында жанжал болған. Хайржанов танысы Алтынбек Катимовті шақырып, екеуі қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылындағы өзенге тастаған.

Сот шешімі бойынша Хайржанов пен Қатимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.