Cоңғы үміт. «Интергаз – Орталық Азия» жақтан келген жаңалық НЕГЕ маңызды?

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы болып табылатын «Интергаз – Орталық Азия» магистральді тасымалдаушысы 2024 жылды 47,2 миллиард теңге таза пайдамен аяқтады. Бұл оның алдыңғы көрсеткіштен 5 есе артық
Осы пайданы «QazaqGaz» дивиденд ретінде өзіне аудара алса, онда қаржылық жағдайы біршама жақсарады деген үміт бар. "QazaqGaz" басшысы Санжар Жаркешов брифингте 2023 жылы 175 миллиард теңге шығын келгенін мәлімдеген болатын. Бірақ аудиттелген есептілік ойынша ұлттық оператор 2023 жылды 325,9 млрд теңге таза пайдамен аяқтаған.

«QazaqGaz» парадоксы – неғұрлым ішкі нарықта көбірек тауарлы газ сатқан сайын, басшысының айтуынша соғұрлым шығынға батады. Себебі, тауарлы газдың бір кубометрінің өзіндік құны 34 теңге. Ал оны компания ішкі нарықта 23 теңгеден сатуға мәжбүр.
Интергаз – Орталық Азияға келетін болсақ, компания 2024 жылы 262,4 миллиард теңге жалпы выручка алды. Қызмет көрсетудің өзіндік құны 166,8 миллиард теңгеге жетті. 12,2 миллиард теңге корпоративтік салық төледі.

Компания активтерінің көлемі 1,5 триллион теңге шамасында орнықты. Ал міндеттемелері 444 миллиард теңге. Бұл «Интергаз – Орталық Азия» акционерлік қоғамының қаржылық жағдайы тұрақты дегенді білдіреді.
2022-2023 жылдардың қорытындысы бойынша «Интергаз – Орталық Азия» өз акционеріне басымдық берілген акциялар бойынша мизерлі 3 миллион теңгеден төлеп келді. Бірақ жәй акциялар бойынша осы уақыт аралығында мүлде дивиденд бермеді.
Сондықтан оның үлестірілмеген кірісі 329 миллиард теңгеге жетіп отыр.
Бюджеттік кризис жағдайында мемлекетке «Самұрық-Қазына» қорынан көбірек дивиденд қажет. Дәл осы кезде «QazaqGaz» НЕГЕ еншілес ұйымының кірісін алып, жағдайын реттеп, көбірек дивиденд төлеуге көшпейді деген сұрақ туады.
Компания тиімділігі тек халыққа арзан газ беріп, салық төлеуде емес, мемлекетке дивиденд әкелуімен де есептелетінін ұмытпау керек.