Cамал Омарова: Журналист сөзімді бұрмалап жіберіпті

Самал Омарова маска тағуға шақырған әйгілі жарнамадағы қыздың өзіне қатты ұқсайтынын, «сол мен емес пе екен?» деген күдігін алғаш рет Nege.kz жария еткен («Самал Омарова: Мен филиппиндік емес, қазақтың қызымын!») болатын.
Содан редакцияның телефонына дамыл болмады. Телеарналар, басылымдар бірінен кейін бірі Самал Омарованың телефон нөмірін сұрады. Жаңашар тұрғыны үзілді-кесілді қарсы болғандықтан, өтінішін орындаудан бас тартқан едік. Бірақ амалын тауып, сұхбаттасып үлгерген тележурналистерден көңілі қалып отыр.
Әріптестеріміз әкімдікке де тыныштық бермегендіктен, бүгін «ол суретті тегін ресурстан алдық, ол әйел сол ресурсқа шағымдансын», – деп жауап беріпті. Бірақ араға біраз уақыт салып, оған қайыра хабарласқанымызда Самал Омарова тележурналистерге өкпесі қара қазандай екенін хабарлады.
– Сізді бүкіл Қазақстан таныды. Журналистер хабарласып, сіз туралы ақпарат бере бастағаннан кейін не өзгеріс болды? Әкімдіктен сізге хабарласты ма?
– Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Әкімдікке енді бармаймын да. 31-арнаға да сұхбат бергім келмеген. Өздері қоймады. Әлеметтік желілерге кіріп, достарымнан телефон нөмірімді сұрап алыпты. Бұдан кейін ешкімге сұхбат бермеймін.
– Неге? Журналистерден көңіліңіз қалды ма?
– Иә, көңілім қалды. Телеарна тілшісіне «Суреттегі қыз мен бе, жоқ па?» деген күдігімді айтқанмын. Олар басқаша жариялап жіберген. Өздеріңіз де оны көрдіңіздер.
– Әкімдіктен хабарласпады ма?
– Жоқ, хабарласпады. Ақы төлеуден бас тартқанын СМС арқылы хабарлады.
– Сізге ақы берілмейді деді ме?
– Иә.
– Телеарнадан сізді көрсеткеніне туған-туыстарыңыз қалай қарады?
– Ештеңе деген жоқ. «Бәлкім, олай болмаған шығар» деді. Оларға жауап та бермедім.
– Достарыңыз, әріптестеріңіз сіз туралы хабарды көрген бе? Олар не пікір айтты?
– Көріпті, айтты. «Ұқсайды екенсің, соған гонорар сұрадың ба?» деді. Ақша сұрамағанымды айттым. Айтылған сөздерден өздеріне керегін кесіп алып көрсеткен. Олардың маған қажеті де жоқ еді. Қоймай қойған өздері болатын.
– Сізге сонда қандай сұрақ қойды?
– «Егер сіз болып шықсаңыз, қанша ақша берілсін?» деп сұрады. Сюжетте өзім ақша сұрағандай көрсетіпті. Сосын ешқандай сұхбат бермеймін деп шештім.