11 Ақпан 18:00
...

БЖЗҚ «Air Astana» АҚ акционерлері реестрінен НЕГЕ үнсіз жоғалып кетті?

Nege.kz
Фото: Nege.kz

Қазақстан қор биржасындағы «Air Astana» АҚ акционерлерінің биылғы жылдың 1 қаңтарындағы реестрінде Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры көрсетілмеген. Оның алдында жарияланған 2025 жылдың 18 желтоқсанында жарияланған реестрде Зейнетақы қоры ұлттық компанияның 6,54 пайыз акциясына иелік ететін төртінші ірі акционер ретінде көрсетілген еді.

Ол кезде БЖЗҚ иелігінде Air Astana-ның 23 218 330 дана акциясы болған. Алайда БЖЗҚ өзіне тиесілі акциялар пакетінің барлығын сатқаны туралы ақпарат еш жерде жарияланбағанын білеміз. Соңғы рет Қор былтырғы жылдың үшінші тоқсанында шамалы 0,55% акцияны ғана миноритарлы акционерлерге өткізе алған еді.

kase
Фото: kase.kz

Сонда қазіргі соңғы реестрде «Air Astana» АҚ 41,18% акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы мемлекеттің меншігінде, ал 37,69%-ын номиналды түрде Citibank ұстап отыр деп қана көрсетілген. Британдық BAE Systems иелігіндегі 6,89% акция да реестрде жоқ. БЖЗҚ да жоқ.

Осы аптада «Air Astana» ұлттық компаниясының акционерлерінің кезекті отырысы өтті. Компанияның қазіргі бас атқарушы директоры Питер Фостер акционерлерінің шешімімен 2026 жылдың 1 тоқсанында өз қызметін жалғастырады.

Ол өз міндетін Ибрахим Жанлыелге 31 наурыз күні бірақ тапсырмақ.

Тиісінше, Жанлыел 1 сәуірден бастап ұлттық әуе компаниясының тізгінін қолына алады. Және бұл – сәуір әзілі емес.

Air Astana
Фото: Nege.kz

Акционерлер осы отырыста ұлттық компанияның Airbus S.A.S. концернінен 2031–2034 жылдары жеткізілуі тиіс 25 ұшақты (5 дана A320neo және 20 дана A321neo) сатып алу бойынша мәміле жасауын мақұлдады. Бұл шарттың сомасы Air Astana активтерінің баланстық құнының жартысынан асатындықтан, белгіленген тәртіп бойынша акционерлердің алдынан өтуі тиіс.

Бірақ 2031 жылдары Air Astana-ның 25 ұшақты лизингке емес, тікелей сатып алуға қаржылық мүмкіндігі болатыны үлкен күмән туғызады. Қазір қолда бар 2025 жылдың 3 тоқсаны бойынша қаржылық есептерге қарасақ, ұлттық компанияның жағдайы жыл санап нашарлауда.

Табыс көзі артты дегенімен шығындары одан да асып көбейе берген. Соның қырсығынан таза табыс көрсеткіші құлдыраған.

Мысалы, 2025 жылдың 9 айындағы таза кіріс небәрі 16,4 миллиард теңгеге жеткен. Ал оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңінде Air Astana таза кірісі 24,7 миллиард теңге болған еді. Әрине, әуе компаниясы 2025 жылды қандай да бір кіріспен аяқтайтыны түсінікті.

Бірақ 2026 жылы қаржылық жағдайы қалай болады? Үміттен көрі күдік басым. AIRA акцияларын IPO-дан бері ұстап отырған шағын инвесторларға обал. Олар жасынан ерте уайымдап, қартайып барады.