1 Сәуір 18:45
...

«Бізден басқа да айтқыштар бар ғой...» – Су астында қалған жұртқа әртістер көмектесіп жатыр ма?

Құтқарушылар
Фото: ғаламтордан

Қарғын судың астында қалған тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында түрлі қорлар ашылып жатыр. Халықтың қолдауы арқылы жиын-тойдан нәпақасын айырып жүрген өнер иелері зардап шеккендерге қандай көмек көрсетті?

Күні кеше мерейлі алпыс жасқа толуына орай ел аралап, концерт беріп жүрген Мақпал Жүнісова желі арқылы көптің алдына шығып, билетер бір ай бұрын сатылып кеткенін айта келе, көпшілік қарсылық танытса, шығармашылық сапарларын тоқтататынын ескертті. Ал Димаш Құдайберген жұртты жаппай қайырымдылық танытуға шақырса, Нұрболат Абдуллин көпшілікке күш-қуат тілей отырып, «кімді кінәлайсың? Елтаңбаның кінәсі жоқ» деп қыжыртты.

Шақыру түссе жер талғамай жөнелетін әнші атаулы жабырқаған жұрттың жанынан табылуға әзір ме? Тілшіміз шуы көп шоу-бизнестегі түрлі буын өкілдеріне хабарласып көрген еді.

Қуандық ШӘКІРЖАНОВ, актер:

«Әр қазақ – менің жалғызым»

Актер
Фото: әлеуметтік желіден

– Түрлі шоттар ашылып жатыр ғой, соларға шамамыз жеткенше ақша аудардық. Ел азаматы ретінде халыққа жаным ашиды. Соңғы кезде болған жағдайдың бәрінде жоқты көтеріп жатқан – халықтың өзі. Біз де сол көптің ішіндеміз.

Дегенмен атымды пайдаланып, біреуге бүйт-сүйт демеймін. Өз басым дін мен саясат тақырыбынан аулақпын. Үндеу жасап, репост та жарияламаймын. Бізден басқа да айтқыштар бар ғой. Бұл өзімнің жағдайым жақсы, өзгеде шаруам жоқ деген сөз емес. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген. Сондықтан үй-күйсіз қалып, мал басынан айырылған жандарға бір кісідей алаңдаушылық танытырып отырмын.

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, әнші:

«Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін»

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Кез келген көмектің жариясыз берілгені жөн ғой. Сондықтан мен мынша қаржы бердім деп жар салғым кемейді. Шариғатта да «оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін» дейді.

Жалпы от пен су айтып келмейін жау ғой. Бірақ қардың жылда жауатыны, оның көктемде жаппай еритіні белгілі. Мұның бәрі тиісті мекемеде отырған азаматтардың құлықсыздығының салдары.

Содан кейінгі бір мәселе, ауылдың айналасындағы жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Ал олар арнасымен су ағатын жүйелер мен арықтарды жауып тастайды. Осы жағын жергілікті әкімдікте отырған басшылар алдын-ала саралау керек еді. Кейде осыны көріп-біліп отырған біздің азаматтар неге құлықсыз деп күйінемін.

Нұргүл МЫҢҒАТОВА, актриса:

Өз басымда да қайғылы оқиға болды

Актриса
Фото: әлеуметтік желіден

– Жергілікті басшылар апаттың алдын алуға тырысуы керек еді. Су астында қалған Аягөздік жерлестеріме сабыр мен күш-қуат және амандық тілеймін. Мәселені көріп отырған Үкімет материалдық жағынан қамтамасыз етеді деп сенемін. Қара халық та қарап қалып жатқан жоқ, қолдан келгенше қаржылай көмек қолын созып жатыр.

Өнер адамы болған соң желідегі парақшама түрлі бейнежазбалар жарялап, қайырымдылық шоттарын көрсетіп, жұрттан жылу жинасуға қолғабыс болып отырмын. Ал жеке басым турасында материалдық тұрғыда қомақты қол ұшын беремін деп жалған айта алмаймын. Себебі, соңғы кезде өзімнің басымда да қайғылы оқиға болды. Алла бұйырса, жағдай тұрақталады деп сенемін. Бастысы, жан басы аман болсын!

Құрмаш МАХАН, әнші:

Бір кісідей атсалысамын

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

– Қазір әлеуметтік желіде түрлі қорлар ашылды ғой, қолымнан келгенше соларға ақша аударып жатырмын. Бірақ оның мөлшерін жарияға жар салғаным жөн болмас. Ал елге барғанмен, ондағы суды тоқтату қолымыздан келе ме? Осы мәселемен айналысатын құзырлы органдар бар ғой. Дегенмен, олар кеселдің алдын алу жұмыстарымен айналыспаған соң осындай қайғылы жағдай туындады.

Біздегі тиісті органдар дер кезінде қимылдағанда ел-жұрт мұндай күйге түспес еді. Дегенмен, битке өкпелеп тоныңды отқа жағатындай емес. Гуманитарлық көмек беруге тырысамыз әрі өзгелерді де береке-бірлікке жұмылуға шақырамыз. Егер ел алдында жүрген продюсерлер халыққа қол ұшын созу мақсатында қандайда бір қайырымдылық жобаларын ұйымдастырса, құба-құп, бір кісідей атсалысамын.