21 Сәуір 12:06
...

«Бізді Димашпен салыстырды...» – «Жүз мыңнан ғана жинады» деген сынға әншілер өкпелеп қалды

Су тасқыны
Фото: ғаламтордан

Әншілердің су тасқынына қанша қаражат аударғаны туралы ашық ақпар тарағалы құлақтарынан қиқу кетпей жатыр. «Халықтың тойынан миллиондап табатындар жүз мыңнан ғана жылу жинапты» деген сарындағы әңгімелер желіде желдей есіп тұр. Осыған орай тілшіміз өнер иелерінің өздерінен тағы пірік сұрады.

Қуаныш АЛТЫБАЕВ, «Алатау серілері» тобының мүшесі:

Біз үшін 100 мың теңге едәуір қаражат

су тасқыны
Фото: әлеуметтік желіден

– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Бірақ шынтуайтына келсем, күні кеше сахнаға шыққан біз үшін жүз мың теңге де тәуір қаражат. Бірақ көпшілік уытты сынды миллиондап табатындарға қаратып айтқан болар деп ойлаймын. Дегенмен, жүз мың берумен ғана тоқталып қалған жоқпыз.

Мысалы, күні кеше «Алатау серілерінің» атынан бір «Газель» гуманитарлық көмек жіберілді. Қолдан келгенше жылу жинаған жердің бәріне қаражат аударып жатқан жайымыз бар.

Мәселе, ел ішіне тарап кеткен бір ғана тізімде болып тұр. Айтқаннан өзге, айтылмай беріліп жатқан көмек қаншама. Дегенмен, Үкімет пен халықтың арасында дәнекер болып жүргеннен кейін бізге де таяқтың бір ұшы тиері анық. Оған бола біреуді кінәлей алмайсың да.

Роза Әлқожа, Гүлзира Айдарбеква және Ерғали Әбдірайымов мұрындық болып ашылған шотқа қырық миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. Оның алғашқы 22 млн теңгесін жылжымалы үйге деп аудардық. Ал қалған қаражаттың қайда аударылғанына да айтып, алдымызда есеп берді. Мемлекет басшысы да үйі шайылғанға – үй, малы суға кеткеннің – ақысын өтеп беретінін айтты. Негізі бұл еліміздегі бес-алты миллиардер-ақ жауып бере салатын шығын ғой. Ал біздікі – ауызбіршілік таныту.

Шаһизада БАЙПАТШАНОВА, әнші:

Ештеңе бере алмаған әншілер де бар

Әнші
Фото: әлеуметтік желіден

– Әркім жағдайына қарай қаражат жинады. Сондықтан «Сен неге көп қоспадың?» деп біреуді күстаналайтын емес. Ештеңе бере алмаған да әншілер бар. Үкіметтен көмек көрмей, әркім өз күнін өзі көріп жүргеннен кейін ешкімге кінә артуға болмайды.

Жалғызбасты әйел бола тұра мен де алты бала асырап отырмын. Баяғыдай табыс көзі жоқ. Әйтеуір азғантай кәсібіміз бар. Оның өзінде төлейтін кередитіміз шаш-етектен. Тырнақ астынан кір іздейтіндер осыны біле тұра «миллиондап тауып, жүз мың ғана аударыпты» деген сыңайдағы әңгіме айтыпты. Бізді Димашпен салыстырып, қарсы қойғандар да бар. Ал шынтуайтында, бізді мүлде салыстыруға келмейді ғой. Димаш біздің мақтанышымыз, әлемдік деңгейдегі әнші.

Негізі бұл шығынды жабуға мемлекеттің де жағдайы жетеді. Бірақ біз қол қусырып қарап отырмайтын халықпыз. Мысалы, мүлде танымайтын адамдарға да күніге каспи шотына қаражат аударамыз. Қаншама мемлекеттік мекемелер апатқа қатысты миллиардап ақша аударып жатыр. Бәрін естіп, көріп отырмыз. Енді сол халыққа жетсе екен деп тілейміз.

Бейбітгүл НҰРЫМҒОЖИНА, әнші, сазгер:

Жүз мың – басы ғана

Әнші
Фото: Алматы телеарнасы

– Бұрынғы әншілер сахнада кәсіби деңгейде өнер көрсеткенімен, халыққа етене жақын болды деп ойлаймын. Ал қазіргі әншілер тойда жүргеніктен, тікелей халықтың арасында жағдайды көзбен көреді.

Мысалы, әншілер осы су тасқынында ғана жұмыла жиналып жатқан жоқ. Тойдың әншісі, үлкен сахнаның әншісі болсын, ауырып қалған баладан бастап, көпбалалы отбасы бар, басқасы бар, үнемі халықтың жоқ-жітігін түгендеп жік-жапар болып жатады. Қыл аяғы шетелге де қаншама баланы оқытуға мұрындық болды. Бірақ ондай қайырымдылықтың көбін айтпай істеп келе жатыр. Ал осы апатта біріккен әншілердің санында шек жоқ.

Жүз мың деген басы ғана. Чаттағы бір жігіт «әншілер де жиналып жатыр» деп алғашқы тізімді көрсеткен соң, ол көпке таралып кетіпті. Өйткені басында «жүз мыңнан салудан бастаймыз, одан кейін шама шарқымыз жеткенінше шетінен аудара береміз» деп келіскен едік.

Мысалы, Ғазизхан Шекербек басында жүз мың салып, арада санаулы күн өткенде тағы үш жүз мың теңге аударды. Осындай әріптестерім көп. Қарап отырсам, ауру-сырқау балалар мен түрлі интернат, мешіт, көпір салуға дейін қол ұшу созу мақсатында 2020-2023 жылы арасында әншілер тарапынан біраз қаражат жиналыпты. Балаларға арналған қорларға біреу көйлегін сатса, енді біреулер әшекей бұйымдарын сатып, ақша аударған. Өнер адамдары ауыз толтырарлықтай жақсылық жасап жатыр деп ойлаймын. Бірақ оны бірі айтса, бірі айтпайды.