«Біз Ауғанстанның бейбіт тіршілігі мен дамуы қатар жүруі керек деп санаймыз» – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Алматы, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ауғанстанның бейбіт өмірі мен орнықты дамуы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызға ие.
– Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, сауда-саттықты жандандыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамалар арқылы ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырады. Екі ел арасындағы сауда көлемі ұдайы өсіп келеді. Біз Ауғанстанның бейбіт тіршілігі мен дамуы қатар жүруі керек деп санаймыз. Адамның қадір-қасиеті мен халықаралық құқық бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды қамтамасыз етуге күш жұмылдырмайынша, тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын өзінің ұлттық стратегиясының басымдықтары ретінде қарастыратынын айтты.
– Жетістіктеріміз көп. Алайда біз экономикалық дамуды жеделдетуге және азаматтарымыздың құқықтық қажеттіліктерін өтеуге қатысты жоспарларымызды қалайда іске асыруымыз керек. Мақсатымыз – жан-жақты экономикалық реформа жүргізу, заң мен тәртіп үстемдігіне негізделген қоғам құру ісінде Қазақстанның аймақтағы жетекші рөлін сақтап қалу. Біз адамның негізгі құқықтарын қамтамасыз ететін, жоғары экологиялық стандарттарды сақтайтын Әділетті мемлекет құрғымыз келеді. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні одан әрі дамытуға баса мән береміз. Сондай-ақ Қазақстанды халықаралық жүк тасымалы бойынша еуразиялық хабқа айналдыру үшін әртараптандырылған көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға күш саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ортақ игілікке қол жеткізу үшін үкіметті, азаматтық қоғамды және жеке секторды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тек соның арқасында Орталық Азия шын мәнінде тұрақтылықтың, мүмкіндіктер мен орнықты өсімнің мекені ретінде дами алады.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, осындай қилы кезеңде жоғары дипломатия мен көшбасшылық үлгісін көрсетіп келе жатқан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты. Президент еліміздің Ұйым Бас хатшысының бастамаларына алдағы уақытта да қолдау білдіретінін жеткізді.
Қазір оқып жатыр
Жетісу облысында психикалық бұзылыстары бар адамдар көлік жүргізіп келген
Атырау облысында хирург МӘМС аясында тегін жүргізілетін отаға ақы алып келген
Алматыда автобустың дөңгелегі шұңқырға түсіп кетіп, жолды жауып тастады
ҰБТ-да смартфон мен шпаргалка алып өтпек болған 522 талапкер тесттен шеттетілген