6 Қаңтар 16:47
...

Бүркіттің АИШАСЫ күйеуге шыққысы келетін қыздарға бірнеше КЕҢЕС айтты

Аиша
Фото: Фото: ғаламтордан

Қазақ эстрадасындағы жарасымды жұптардың бірі – Бүркіт пен Аиша. Жарымен селбесе ән айтып сахнаның көркін қыздырған Аиша жайлы жұрт арасында аз әңгіме айтылмайды. Тілшіміз солардың жайын өнер иесінің өзінен сұрап көрді.

Қателеспесем, сіздің шын есіміңіз Виктория. Тыңдарман Аиша деп танығанымен, туыстарыңыз қалай атайды?

– Әркім әрқалай атайды. Етжақындарым үйреніскен әдет бойынша Вика дейді.

Қазір қазақшаңыз қалай? Еркін сөйлейтін деңгейге жеттіңіз бе?

– Шынымды айтсам, қазақша аз сөйлеймін. Сондықтан еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен жоқпын. Дегенмен, балаларыммен қазақша сөйлесуге тырысамын. Олар қазақ мектебінде оқиды.

Бір кездері намазға жығылғаныңызды естіп едік...

– Иә, күнде таң намазын оқимын.

Бұл кімнің бастамасы болды?

– Әр адамның өзіндік қалауы болады ғой, сондықтан бұл – менің өз таңдауым. Құдайға құлшылықты өзіміз үшін жасайтын болғандықтан біреудің нұсқауымен емес, жүрекпен келген жөн бе деймін.

– Алғаш Ислам дінін қабылдағанда туыстарыңыз не деді?

– Менің ата-анам өте тамаша адамдар. Олар әрдайым менің пікірім мен шешіміме құрметпен қарайтын. Мен де нені қолға алсам да, алдымен сол кісілермен ақылдасатынмын. Сондықтан ата-анамның батасын алған соң барып барып қадам жасадым.

Аиша
Фото: ғаламтордан

Алда хиджаб киюіңіз мүмкін бе?

– Бұл да құдайға деген сенім сияқты әркімнің өз таңдауы ғой. Әрине қазір хиджаб киіп жатқан қыз-келіншектер аз емес. Дегенмен бұл бізге таңсық емес. Себебі бұрын да әйел заты қос етек көйлек киіп, шаштарын көрсетпей жүруге тырысқан. Бірақ сахнада жүрген соң хиджаб кию маған ыңғайсыздау сияқты. Әзірге оған дайын емеспін.

– Сахнада оранып жүрген әртістер туралы аз әңгіме айтылмайды. Сіз не дейсіз?

– Әйел адамның етек-жеңін жауып жүргенін жөн санаймын. Бірақ адам баласының алдымен жаны, жүрегі, ойы таза болғаны абзал. Егер хиджаб кие жүріп біреуді балағаттап, өсек айтып немесе пендешілік таныту абырой әпермейді. Сондықтан барлығын ішкі жан-дүниенің тазалығынан бастаған дұрыс деп санаймын.

– Бүркіт екеуіңіз екі түрлі ортада өстіңіздер. Бұл өзара түсіністік табуға кедергі келтірмей ме?

– Бұл отбасында ешқандай мәселе тудырмайды. Себебі отағасы екі тілде қатар таза сөйлейді.

– Енеңіз бір сөзінде «қазақ келінге айырбастамаймын» деп мақтауыңызды асырды. Ол кісінің тілін қалай тауып жүрсіз?

– Енемді сыйлап, оған өз анама деген махаббатпен қарауға тырысамын. Келісті келін болу оңай емес. Сондықтан әлі үйренерім көп. Айбектей ұл туып, өсіргендері үшін ата-енеме алғыс айтамын. Тамаша тәрбиенің нәтижесі сол, ол – өте жақсы әке және жақсы жар. Іштей ризашылық білдірген жерде қарым-қатынас та жақсы болады.

Аиша
Фото: ғаламтордан

Екеуіңіздің қайсыңыз қызғаншақсыз?

– Бұрын мен көп қызғанатын едім. Бәлкім, іштей сенімсіздік болған шығар. Қазір екеуіміз де бір-бірімізге сенеміз. Сондықтан қызғанышқа жол бермейміз.

Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомблық мәселесі өршіп тұр. Бұл жөнінде жеке пікіріңіз қандай?

– Отбасындағы зорлық-зомбылық қалыпты жағдайға айналған уақытқа тап келдік. Бұл – жалғыз біз емес, әлем өткеріп жатқан індет. Бірақ мұның барлығы айналып келгенде отбасында аған тәлім-тәрбиеге байланысты деп ойлаймын. Бәлкім, біз ұрпақты өзіміз өзгеше бағыттап жатқан болармыз.

Мысалы, бұрын баланы бүтін бір ауыл тәрбиелейтін еді. Ал қазіргі балаларға көңіл аудару жетіспейді. Оларға назар аударып, сөйлесуді сиреттік. Мұның салдарынан бала ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратудан қалып барады. Негізі «алдымен баланы емес, өзіңді тәрбиелеуің» керек деген пікірге қосыламын. Себебі бала бағыт-бағдарды ата-анасына қарап алады. Өзіңнің мінезіңді қаншалықта жақсы жағынан дамыта білсең, ертең сол қасиет балаңның бойынан көрініс табады.

Қазіргі келіншектердің дені күйеуіне алақан жайғысы келмейді. Мәселен, баламен қоса табыс та табуға ұмтылады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Егер әйел отбасындағы міндетімен қоса сырттағы жұмысын қатар алып жүре алса, неге болмасқа?! Ал үйге шаршап-шалдығып қайтып, өзгеге қарайласуға күш-қуаты болмаса, онда әлбетте қиын болады. Өйткені отбасында көп нәрсе әйелге байланысты. Әйелдің ұнжырғасы түсіп, үйіне әрең жетсе, балаларына, жарына қалай мейірін төгеді?

Бірақ бір өкініштісі, қазіргі уақытта әйелдерге амалдың жоқтығынан табыс табу керек болып тұр. Дегенмен, әйел күйеуінен ақша сұрай білуі керек. Мұның ешқандай ағаттығы жоқ деп білем. Ал ер адам жарына жағдай жасауы керек. Бұл әрі оның міндеті саналады.

аиша
Фото: ғаламтордан

– Ал өзіңіз жеке бизнеспен айналысасыз ба?

– Менде ән салудан өзге табыс көзі жоқ. Күйеуіме арқа сүйеймін.

– Қыздарға кеңес бере кетсеңіз, күйеуге сәтті шығу үшін жігіттің қандай қасиетіне мән берген жөн?

– Екі адамның өмірлік көзқарасы ұқсас әрі рухани тұрғыда бір-біріне жақын болуға тиіс. Егер олай болмаған күнде жарасым тауып кету қиынырақ. Ал басқасын тізе қоса отырып, бірге жасауға болады. Бақыт пен махаббаттың мәні ақшада емес. Содан кейін «мен күйеуге тиген соң бақытты болам» деу теріс түсінік. Алдымен іштей өзің бақытты болуға тиіссің. Сондай-ақ іштей жаратқаннан жақсы жар жолықтыруын тілеу керек. Сонда сені бақытқа бөлейтін адам өзі кездеседі. Тіпті алыстан іздеудің де қажеті болмайды.

– Сіз өте сапалы әрі қымбат киінгенді ұнатасыз және Италия сынды сәннің отанына айналған елдерден шопинг жасайтыныңызды естиміз. Алматының барахолкасына барып көрдіңіз бе?

– Әрине, сапалы киінгенді ұнатамын. Бірақ сіз естігендей сән қуып Италия кезген емеспін. Ал барахолкаға өте сирек барамын. Себебі сапалы дүниені қай жерден табуға болатынын білмеймін. Ол үшін қасымда жүретін арнайы жолсерік керек болар...

Ет жеуді үйренген боларсыз?

– Жоқ, әлі вегетарианмын.

Кезекті концертті қашанға жоспарлап отырсыздар?

– Бұйырса, осы жылы берсек деп отырмыз. Бірақ мерзімі белгісіз, ол жағын күйеуім шешеді. Бәлкім, жылдың ортасына таяу болар.