Бұрынғы вице-министр Анатолий Шкарупа ақталып шықты
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны ақтап шығарды.
Қарағанды, NEGE. «Бюджет қаржысын жымқырды» деп айыпталған бұрынғы шенеунікті Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жанат Егембердиева ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша кінәсіз деп тапты.
Шкарупамен бірге айыпталған кәсіпкер Ерлан Нәбиев пен «ЖКХ-ны дамыту қорының» бұрынғы директоры Қайсар байдалы да ақталып шықты.
Естеріңізге салайық, экс вице-министр 2018 жылдың 19 қарашасында ұсталған. Жылдан астам уақытқа созылған процесс барысында айыптаушы орган бұрынғы шенеуніктің «қанша қаржы жымқырғанын» нақты айта алмады.
Бұл іс бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаров вице-министрді «215 млн теңге жымқырды» деп айыптаған соң қарқын алған. Алайда сотта мүлдем басқа сома аталды. Сондай-ақ тергеу тобының басшысы Олеся Кексель кәсіпкер Ерлан Нәбиевке қысым көрсеткені де белгілі болып, Кексельдің заңсыз әрекетені қатысты іс қозғалған-ды. Алайда көп өтпей бұл істің жабылып қалғанын тағы сол Қ.Қожамжаров мәлімдеді.
Осылайша, жылдан астап уақытқа созылған процесте айыпталушылар сот залынан босатылып, оларға атын толық ақтап алуға мүмкіндік берілді.