19 Мамыр 11:55
...

Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа сот үкімі шықты

Ерлан Қожағапанов
Фото: gov.kz

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот мәдениет және спорт саласының бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағапановты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Алматы, NEGE. Ал мердігер ұйымның басшысы Ляззат Көккөзова – бес жылға сотталды.

Сот Қожағапановты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі — «ауыр салдарға соқтырған лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп таныды. Бұған қоса, оған өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда, сот, жергілікті басқару органдары мен Ұлттық банк жүйесінде лауазым иеленуге тыйым салынды.

Тергеу нұсқасы бойынша, Қожағапанов коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет етіп, онымен 2018 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге келісімшарт жасасуға қол жеткізген.

Форумды өткізуге арналған смета негізсіз екі есеге ұлғайтылып, бұл бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына әкелген. Келтірілген шығын 1 миллиард теңге деп бағаланған.

Аталған форумды ұйымдастыруға жауапты болған SUCCESS агенттігінің бас директоры Ляззат Көккөзова да сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі —«аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабы бойынша жауапқа тартылды.