6 Наурыз 17:40

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың не себепті айыпталып жатқаны белгілі болды

Ерлан Қожағапанов
Фото: ғаламтордан

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ұсталуына қатысты мән-жайды түсіндірді. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов айтты. 

«Биыл 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралардың нәтижелері бойынша Мәдениет және спорт экс-вице-министрі ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған», - деді Арман Тілеукенов.

Оның айтуынша, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

«Бұл ретте форумды өткізу үшін смета 2 есе өсті, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеліп соқты. Қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатқа сатып алынған мүлік анықталды және оған тыйым салынды. Күдіктіге қатысты соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - дейді ол.