31 Қазан 17:22

«Бұрынғы басшының ұсталуы сабақ болды» – «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы жемқорлықпен қалай күресіп жатқанын айтты

Дархан Иманашев
Фото: ОКҚ

Осы жылдың көктемінде «ҚазАвтоЖол» компаниясының бұрынғы басшысы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Соңғы бес жылда автожол саласына 6 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, жол сапасына байланысты халықтың шағымы көбейген. Осыған байланысты Антикор автожол саласында жүйелі жемқорлық әрекеттерінің бар екенін анықтаған.

Алдағы уақытта «ҚазАвтоЖол» сыбайлас жемқорлықпен қалай күреседі? Бұрынғы басшының ұсталуы басқаларға сабақ болды ма?

NEGE тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан ИМАНАШЕВ жауап берді.

«Бұл оқиға, әрине, бізге үлкен сабақ болды. Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі бар. Қазіргі таңда соның жұмысын күшейтіп, антикормен жұмыс істеп жатырмыз. Агенттік таяуда зерттеу жұмыстарын өткізді. Ол туралы толық ақпарат бердік. Шығыс Қазақстан облысы бойынша жемқорлық әрекеттерін анықтадық және дер кезінде оның алдын алдық. Антикорға қажетті құжаттардың бәрін өткіздік. Жемқорлықпен күрес жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

ҚазАвтоЖол
ҚазАвтоЖол

Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол»-дың тағы да қарыз алатыны белгілі болды. Азияның даму банкі 291 миллион доллардың несиесін мақұлдаған. Бұл қаражат Орталық Қазақстандағы жолдарды жөндеуге жұмсалады екен.

«Қарызға алынған 291 миллион доллар мақсатты жұмсала ма? Оның да талан-таражға салынып кетпеуіне кепілдік бере аласыздар ма?» – деген тілшіміздің сұрағына жауап төмендегідей болды.

«Бұл сұраққа толығырақ жауап берейін. Аталмыш қаражат орташа жөндеуге емес, Қызылорда, Жезқазған жобасына арналған. Қазір мердігерлер тағайындалып, жұмыс басталды. Бұл жолды халық 30 жылдан астам уақыт күтті. Қызылорда тарапынан толық жұмыстар ұйымдастырылды. Биыл 140 шақырым жолды ашайық деп жатырмыз. Енді Ұлытау облысындағы жұмыстарды толық бастаймыз. Бұл – соған арналған қаражат. Біз қаржы министрлігінің платформасы арқылы тендер ойнатамыз, сол арқылы жұмыстар таратылады. Түскен қаражатты, біріншіден, өзіміз бақылауға аламыз және Халықаралық банктер өздері қадағалайды. Сол себепті ол қаражаттың артық жерге жұмсалмауына кепілдік береміз», – деді Дархан Иманашев. 

ҚазАвтоЖол
ҚазАвтоЖол

Алдағы уақытта Қызылорда мен Жезқазған арасын жалғайтын автомагистраль қалпына келтіріледі деп жоспарланған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компания болғандықтан қаржылық дербес ұйым емес. Берешек бойынша министрлік пен үкімет айналысады. Бастысы –  қарызды кешіктірмей төлеп отырмыз. Биыл ол үшін 140 млрд теңге бөлінді. Келер жылға тағы 600 млрд теңге қаралған», – деген еді бұған дейін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.