Бурабайда орманды қоршаған құрылысшылардың рұқсат құжаты жоқ болып шықты
Ақмола облысының Бурабай ауданында орман ішіне қоршау орнатылып, құрылыс жүргізуге дайындық басталған. Алайда тексеру кезінде құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екені анықталды.
Астана, NEGE. Бурабайдағы құрылысқа қатысты мәселені әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындардың бірі көтерген. Ол Threads желісінде «Щучинский» шипажайының маңындағы орманға қоршау орнатылып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Әйелдің сөзінше, табиғаты қорғалатын аумақта құрылыс жүргізуге дайындық басталған. Ол жергілікті биліктен жағдайға араласуды сұраған.
«Жақында орманда серуендейтін жер де қалмайтын болды», – деп жазған ол.
Шағымнан кейін Бурабай ауданының әкімдігі аталған жерді тексерген. 28 қазанда арнайы комиссия құрылыс жоспарланған аумаққа барып, жағдайды анықтаған.
Тексеру барысында жер телімі әлі игерілмегені, алайда қоршау орнату жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болды. Ең бастысы, құрылыс жүргізуге қажетті рұқсат құжаттары болмаған.
Әкімдік өкілдері тексеру материалдары Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілетінін хабарлады. Департамент жағдайды қарап, тиісті шаралар қабылдауы тиіс.