16 Қаңтар 17:49

Бундесвердің құпия құжаты: «2025 жылы Ресей мен НАТО соғысады»

Неміс әскері
Фото: Фото: ғаламтордан

Германия әскері НАТО мен Ресей арасында қақтығыс бола қалса, ұрысқа тас-түйін дайын. Неміс тілінде жарық көретін Bild сайты қолдарына бундесвердің құпия құжаты түскенін, онда Ресейге қарсы соғыстың сценарийі, түрлі амал-тәсілдері егжей-тегжейлі көрсетілгенін жазды.

Оған сенсек, 2024 жылдың ақпан айында алапат соғыс басталуы бек мүмкін. Неміс генералдарының болжамынша, Ресей әскері жазға қарай Украинаның қарулы күштерін шегінуге мәжбүр етеді. Сосын Батыс елдеріне «алдымен жасырын, сосын ашық түрде» шабуыл бастайды. Яғни, алдымен кибершабуыл жасап, гибридті соғыстың тәсілдерін қолданады. Алғашқы соққы Балтық елдеріне тимек.

Бундесвер
Фото: сайттан скрин

Ресей Беларусь жерінде кең көлемді әскери жаттығу өткізіп, жанжалға әзірленеді. Қазан айында жағдай күрделеніп, Ресей Калининградқа әскер төгіп, зымырандар орнатады. 2024 жылы желтоқсанда Ресей мен Калининградты жалғап жатқан Сувалк дәлізінде «шекара қақтығысын» қолдан ұйымдастырады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мәскеу «Батыс шабуылға әзірленіп жатыр» деп жалған айып тағады.

2025 жылдың жазында жанжал шарықтау шегіне жетіп, НАТО 300 мың әскерін Ресейге қарсы соғысқа жөнелтеді. Соның 30 мыңы неміс сарбаздары болуы ықтимал көрінеді. НАТО мен Ресей арасындағы «болашақтағы соғыстың» сценарий осындай.

Әрине, бұл материал ресейлік БАҚ-тың назарынан тыс қалмасы анық. Әдеттегідей, алаулатып-жалаулатып жатыр. Ресей сарапшыларының пікірінше, Германия үкіметі осындай сыбыс таратып, Украинаға қаржылай көмек беруді қаламайтын немістерді соғыс қаупімен сабасына түсіруді көздеуі ықтимал. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та бұл жөнінде пікір білдіріп үлгерді.

Песков
Фото: ғаламтордан

«Бұл хабарлама туралы ештеңе айтпаймын. Соңғы кездері осы басылым түрлі «сыбыстарды» жариялаудан іркілмей жүр», – деп мәлімдеді ол.

НАТО өкілдері Батыс жұртын сабырға шақырып, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Мәселен, НАТО-ның Стартегиялық коммуникация саласындағы озық тәжірибе орталығының директоры Янис Сартстың мәлімдеуінше, бұл – барлаушылардың құпия сараптамасы емес, әскери жаттығу сценарийі.

Мұндай құжат альянстың әскери мүмкіндіктерін байқап көру үшін жасалады екен. Бұрындары ойдан шығарылған, өмірде жоқ елдердің немесе географиялық аудандардың атауы аталып келсе, енді тек қана нақты ел суреттеліпті.

Десе де, бұл мәлімет Ресей агрессиясынан үрейленіп жүрген Шығыс Еуропа елдерін қуантып тастағандай. Мәселен, Польшаның Ұлттық қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш: «Біз кез келген сценарийге дайын болуымыз керек» – деп, «құпия жоспар» туралы ойын ашық айтты.

Бұл құжат «жаттығудың бедері екен» деп көңіл жұбатқанмен, әлемдегі геосаяси ахуал ушығып-ақ тұр. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ертерек секілді.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Украина мен Ресей арасындағы соғысқа 50-ге жуық ел араласып жатыр

Саясаттанушы
Фото: ғаламтордан

– Менің ойымша, НАТО елдеріне шабуыл жасауға Ресейдің шамасы жетпейді. Украинаны жеңіп, яғни, Қырымды және Луганскі мен Донецкті түбегейлі алатын болса, Балтық елдеріне немесе Польшаға соқтығуы ықтимал. Поляктар қазірдің өзінде соғысқа дайындалып жатыр. Кезінде Ресей империясының құрамында болды. Бұл елдің Ресейден әбден аузы күйген. Десе де, Польшаға ауыз салу НАТО-ға соғыс жариялаумен тең. НАТО әскері Ресейге қарсы жұмыла қарсы тұратын болады.

Ал Ресейдің ірі одақтастары жоқ. Қытай бұғып қалады. Қытайдың Батыспен сауда-экономикалық қатынасы өте үлкен. Ресей үшін соғыспайды. Солтүстік көршісі әлсіреп құласа, бұл түптің-түбінде аспан асты елі үшін пайда әкелуі бек мүмкін. Қиыр Шығыс Қытайдың қолына өтсе, әлемде ешкімге дес бермейтін мемлекетке айналады. Шынтуайтында, Ресейдің ыдырауына, бөлшектенуіне Батыс мүдделі емес. Сондықтан бүгін-ертең НАТО мен Ресей арасында соғыс болады деп ойламаймын.

Десе де, өмір тым күрделі. Геосаяси қатынас қатты шиеленісіп барады. Украина мен Ресей соғысады деп кім ойлаған? Көп сарапшылар Қырым және Украинаның шығыс аймағымен шектеліп, жойқын шабуыл жасамас деп жорамалдады. Бірақ Ресейдің басшылығы жосықсыз шешім қабылдауға бейім. Молдова, Грузия және Украинаның бір бөлшегін басып алып дәнікті. Бізге де қатысты сондай мәселелердің шетін шығарып отыр. Дейтұрғанмен, Ресей қазір екі майданда соғыса алмайды. Ресейдің бірінші Украинаға соқтыққаны бізге пайдалы болды. Әйтпесе, бізге шабуыл жасауы әбден мүмкін еді.

Нато
Фото: ғаламтордан

Ресеймен ойнауға болмайды. Потенциалы өте үлкен мемлекет. Экономикамен айналысса, супердержава болуға мүмкіндігі жетіп артылады. Бірақ олар басқа сүрлеумен жүріп кетті. Заманауи қаруларды пайдалану жағынан артта қалып қойды. Украина қазір жап-жақсы соғысып жатыр. Дрондарды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын шебер пайдаланады. Батыс Украинада бұрын сынап көрмеген соғыс техникаларын ұрыста қолданып көрді.

Ақиқатына келсек, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа 50-ге жуық ел араласып жатыр. Рим Папасы Франциск – данышпан адам. «Бұл – дүниежүзілік соғыс. Өйткені, 50 мемлекет араласып жатыр. Байқаңдар!» деп адамзатқа ескерту жасады. Расымен де, бұл – өте қауіпті соғыс.

Тегтер: