14 Ақпан 10:56
...

Жеңісімді Қазақстан халқына арнаймын – Михаил Шайдоров

Михаил Шайдоров
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына тарихи алтынды салған Михаил Шайдоров жеңістен кейінгі алғашқы әсерін бөлісті.

Астана, NEGE. Марапаттау сәтінен кейін БАҚ-өкілдеріне берген сұхбатында Михаил бұл бәсекеге ұзақ дайындалғанын атап өтті.

«Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді.

Мен бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальді Қазақстан халқына арнаймын.

Шынымды айтсам, өзге спортшылар үшін де қатты алаңдадым. Өйткені Олимпиада – өте жауапты әрі жүйкеге салмақ түсіретін жарыс. Маған толқуды еңсеру бұйырды, ал кейбір спортшылар эмоциясын басқара алмады. Ұпай жарияланғанда аралық үшінші орынға көтерілгеніме де сене алмадым... Әзірге не болып жатқанын толық сезініп үлгермедім», – дейді Милан Олимпиадасының чемпионы. 

Михаил бұл жүлденің өзі үшін де, еліміз үшін де аса маңызды екенін айтып, мәнерлеп сырғанауда жас спортшыларға жол ашып кеткен марқұм Денис Тенге алғысын білдірді.

«Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Сол үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін.

Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын», – деді ол.

Айта кетейік, Шайдоровтың бұл жүлдесі тәуелсіз Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан алған алғашқы Олимпиада алтыны болып отыр.  2014 жылы Денис Тен Сочи Олимпиадасында қола жүлдегер атанған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтап,  II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.