«Бұл – позор!»: Самат Әбішке кесілген үкімге қатысты депутаттар пікір білдірді
Кеше Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің фейсбук парақшасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке сот 8 жыл шартты жаза кескені туралы мәлімет жариялады.
NEGE тілшісі депутаттардың бірқатарына «С.Әбіштің 8 жылға шартты түрде сотталуына пікіріңіз қандай?» деген сауал қойды.
Ермұрат БАПИДЫҢ өзі Самат Әбішке қатысты үкім шыққаны туралы ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін деп отыр. Бірақ мәліметтің рас екеніне сенімді.
– Бұл менікі емес, инсайдерлер ақпараты. Ол ақпараттың қайдан түскенін мен білмеймін, редакциядан сұрап алыңыздар. Мен газетке шыққан ақпаратты өзімнің фейсбук парақшама көшіріп бастым. Бұл ақпараттың жалған еместігін қалай дәлелдей алатынымды түсіндірейін.
Кеше фейсбук парақшама ақпаратты жарияладым, содан бері бір тәулікке жуық уақыт өтсе де, ешқандай мемлекеттік органдар тарапынан «мынау жаңсақ ақпарат» деген маған ескерту түскен жоқ. Яғни бұл шынында да құпия өткен соттың шешімі осылай болды деген сөз, – дейді Ермұрат Бапи.
Депутат Е.Бапи Самат Әбішті 8 жылға шартты түрде соттау күлкілі жағдай деп бағалады.
– Соңғы отыз жылда Қазақстанның тарихында болмаған жағдай бұл. Мұның алдында шамамен 2005-2006 жылдары 6 жылға Мырзахметовті соттаған. Ал 8 жыл шартты сот дегенге тіпті бесіктегі бала күлдетін жағдай. Осындай шешімнің шыққаны, біріншіден, Назарбаевтың немере інісі болғаннан. Екіншіден, ескі Қазақстаннан әлі де алыстап кете алмағанымыздың белгісі. Назарбаев отбасының билігі жүріп тұр деп ойламаймын, қазіргі жаңа Қазақстанда қандай да бір ықпалы қалғанының белгісі, – деді Ермұрат Бапи.
Депутат Мақсат ТОЛЫҚБАЙ ҰҚК-нің бірінші орынбасары болған Самат Әбішке шартты жаза кесілуін ұятқа балап, қатаң жаза тағайындалуы қажет деп есептейтінін айтты.
– 8 жыл шартты жаза дегенді кешеден бері оқып жатырмын. Ресми ақпараттың шыққанын күтіп отырмыз. Дәл сондай жаза кесілетін болса, бұл – позор!
Ол Кәрім Мәсімовтің орынбасары болды. Ол ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап береді. Олардың арасында сатқындар болды, мемлекетке төңкеріс жасағысы келгендер болды. Қатысы болмай, тіпті білмей қалған күннің өзінде білмегені үшін соталуы керек. Сондықтан әділетсіз шешім болды деп ойлаймын. Қаңтар оқиғасында жүздеген адамның қаны төгілді, – дейді депутат.
Ринат ЗАЙЫТОВ Самат Әбішке шартты жаза кесілуін сот жүйесіне үлкен сын деп есептейді.
– «Регламент бойынша сот ісіне араласуға қақыларыңыз жоқ» деп тағы да шығады ғой. Бұл сот жүйесіне ұят! Біреу 2 млн теңге алды деп алты жылға сотталады. Жеңіл қылмыс істегендер де 5-6 жылға сотталып жатыр, – деді Р. Зайытов.
Ал депутат Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ әріптесі Ермұрат Бапидан бұл ақпараттың жайын сұраған екен.
– Мен Ермұрат Бапи әріптесімнен сұрадым. Бірақ ол «менде нақтыланған ақпарат бар, бірақ ол ақпаратты қайдан алғанымды айта алмаймын» дейді. Сондықтан мұның анық-қанығын білмеймін, – деген депутат құзырлы органдарға сұрау жолдау керек деп есептейді.
– Бұл мәселе бойынша Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға біз өзіміздің тарапымыздан, сіздер өз тараптарыңыздан сұрау жасалуы қажет. Бұл қайдан, қашан шыққан ақпарат, қаншалықты рас? Бізге Бас прокурордың орынбасары келген кезде сіздер бөліскен ақпараттан естідік, іс қозғалыпты, оның қаңтарда жасаған істеріне байланысты құқықтық баға беріледі, – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Жанарбек ӘШІМЖАННЫҢ пікірі бойынша, Самат Әбішке кесілген жаза тым жеңіл.
– Жеке азамат ретінде өз пікірімді айтатын болсам, мұны әділетті шешім деп есептемеймін, – дейді Жанарбек Әшімжан.
Ішкі Істер министрі Ержан СӘДЕНОВ Самат Әбіштің пробациялық бақылауда екенін растады.
– Үкімге қатысты сұрақтар судьяға қойылуы керек. Ол пробациялық бақылауда, ешқайда кетуге құқығы жоқ және тұрғылықты жерінде қалуы міндетті. Мұның бәрі үкімде көрсетілген, – деді Ішкі істер министрі.