18 Желтоқсан 17:06
...

«Бұл еркіндікті шектеу емес»: халықтың ЛГБТ заңына көзқарасы қандай?

лгбт
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Сенат депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат президентке қол қоюға жолданды. Халық не дейді?

Астана, NEGE. ​Құжатқа сәйкес, ЛГБТ тақырыбындағы материалдарды тарату әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Мұндай әрекет үшін айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Nege.kz жаңа нормаға қатысты Астана тұрғындарының пікірін білді. Алғашында жастар бұл бастамаға қарсы шығып, оны адам еркіндігін шектеу деп бағалауы мүмкін деген ой қалыптасады. Алайда сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі құжатты орынды деп санап, қолдайтынын айтты. Студент Мұстафа Әбілбек бұл мәселеге қатысты пікірі екіұшты екенін жеткізді.

«Бір жағынан, бұл дұрыс қадам. Екінші жағынан, шектен тыс шектеулер дамуға кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен өз мәдениетіміз бен дәстүріміз тұрғысынан алғанда, заңды қабылдау орынды деп ойлаймын», – дейді ол.

Кейбір студенттер үшінші жыныс ұғымының жоқтығын алға тартып, парламент қабылдаған заңды халыққа кеңінен түсіндіру қажет екенін айтты.

«Өзі екі-ақ гендер бар. Оны артығымен көбейтіп, керек емес. Сондықтан заңды қолдаймын», – деді студент Жорабек Нарбол.

«Меніңше, бұл теріс құбылыс. Қыз бен қыздың, ер мен ердің қарым-қатынасы дұрыс емес деп есептеймін. Сондықтан осы бағыттағы заңды қолдаймын. Оның ашық түрде жарияланып, түсіндіріліп жатқаны да дұрыс», – деді Князь Иман.

«Бұл заңды дұрыс деп санаймын. Мұндай құбылыстар болашақта болмауы керек. Жігіт пен жігіттің, қыз бен қыздың қарым-қатынасы мүлде қабылдауға келмейді. Сондықтан заңның қабылдануын қолдаймын және оның оң әсері болады деп ойлаймын», – деді Таңжарық Төлеутай.

Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, бұл заң адам құқығын шектеу емес. Олар табиғат заңына қайшы әрекеттерге жол бермеу керек екенін айтты.

«Мен ондай құбылыстарға тыйым салу қажет деп есептеймін. Бұл еркіндікті шектеу емес. Құдай бізді қалай жаратты, солай өмір сүруіміз керек. Табиғи заңдылыққа қарсы шықпау қажет», – деді Арсен Қанатбек.

Сонымен қатар бұл заңды артық деп санайтын студенттер де бар. Анна Николаеваның айтуынша, мұндай мәселелерді заңмен бекітпей-ақ, қоғам ішінде насихат жүргізбеу туралы ескертумен шектеуге болар еді.

«Меніңше, мұны міндетті түрде заңмен тыюдың қажеті жоқ. Ауызша ескерту жеткілікті болар еді. Заңмен бекіту артық деп ойлаймын», – деді Анна Николаева.

Ал ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты көзқарас айқынырақ. Олардың басым бөлігі ЛГБТ насихатына тыйым салуды қолдайды. Жас әке, қала тұрғыны Ілияс балаларының болашағына алаңдайтынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанады, ал исламда мұндай құбылысқа рұқсат етілмейді. Дегенмен ол әр адамның жеке таңдауы бар екенін де мойындайды. Бастысы, қоғамда мұндай насихатқа жол бермеу керек деп санайды.

«Мен бұл заңды дұрыс деп есептеймін. ЛГБТ мәселесі қоғамда бар. Ал ертең балаларымыз қандай ортада өседі? Біз болашағымыздың жарқын болғанын қалаймыз. Бұл біздің елге, менталитетімізге тән емес. Қазақ халқы исламды қабылдаған, ал исламда мұндайға тыйым салынған. Әке ретінде алаңдаймыз. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар, бірақ мұндай насихат біздің қоғамға қажет емес», – деді Ілияс.

Айта кетейік, бүгін Сенат депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, президентке қол қоюға жолдады.