7 Мамыр 09:04
...

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

Отан
Фото: el.kz

1992 жылы 7 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев қол қойған жарлық  негізінде Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Бүгінгі күні 7 мамырда Қазақстанда тұратын барлық ер адамды құттықтау дәстүрге айналып кетті.

Алматы, NEGE. Қазақстан Қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. 

Қазақстан әскері құрылымында құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қамтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.

Осы орайда 5 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.

Президенттің айтуынша, мемлекет Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отыр.

– Қарулы Күштер еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.