Бүгін – коронавирустың «туған күні»
Әлем бойынша ең бірінші болып коронавирус жұқтырған науқастың анықталғанына бір жыл болды. Былтыр 17 қарашада Қытайдың Хубэй провинциясының 55 жастағы тұрғыны жарқанаттан вирус жұқтырғаны анықталған еді.
Алматы, NEGE. Сарапшылардың пайымдауынша, артынша індет одан өзгелерге тараған. Көбі әлгі ер адамды «нөлдік пациент» деп атайды. Дегенмен, мамандар «осы күнге дейін нөлдік пациент нақты кім екені белгісіз» дейді. Әлем халқы бұл індет туралы алғаш рет 2019 жылдың желтоқсан айында ести бастады. Індет тек желтоқсан айында анықталды деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, ДСҰ-дың мәліметі бойынша коронавирус жұқтырған науқас 8 желтоқсанда тіркелген.
Былтыр желтоқсанның соңында Қытайда эпидемия ушығып, биыл қаңтарда әлемнің өзге елдерінде де індетті жұқтыру деректері тіркеле бастады. Сөйтіп, осы күнге дейін 55 миллионнан аса дерек расталды. Бір миллион 300 мыңнан аса адам індетпен күресе алмай, көз жұмды. Ал біздің елімізде алғашқы дерек жайлы биылғы наурызда белгілі болған еді.